ТМД құрамындағы елдер вакцинация паспорттарын өзара тануды тездетуі керек, бұл азаматтардың еркін қозғалысын қамтамасыз етеді және іскерлік байланысты жандандырады. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жұма күні ТМД мемлекет басшылары кеңесінің отырысында осындай пікір айтты.
“ТМД кеңістігінде вакцинация паспорттарын өзара тануды жеделдетуді ұсынамын. Бұл өзара сенім мен ынтымақтастықтың маңызды сәті. Осындай шешім қабылдай отырып, біз азаматтардың еркін қозғалысын қамтамасыз етеміз және іскерлік байланысты жандандырамыз”, – деді Тоқаев.
Сонымен қатар, ол пандемия кезінде ТМД мемлекеттері бір-біріне қолдау білдіріп, “бірлік пен ынтымақтың” үлгісін көрсеткенін атап өтті. Тоқаев мұнда Ресей “өте маңызды рөл” атқарды деді.
“Елдеріміз коронавирус инфекциясымен күресуде, соның ішінде вакцинаны жасау саласында жақсы тәжірибе жинады. Қазақстан тығыз ынтымақтастыққа, тәжірибе алмасуға және өз вакциналарын жеткізуге дайын”, – деді президент.
Еске сала кетейік, қазір тек Қырғызстан, Беларусь, Молдова және Армениямен вакцинация паспорттары өзара танылған.