28 қазанда астанадағы Конгресс центр орталығында Digital Bridge 2021 халықаралық форумы басталды.
Жиында Қазақстанның цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин “Цифрландыру, инновациялар мен ғылым есебінен технологиялық серпін” атты ұлттық жобаның тұсауын кесті. Халықаралық компаниялармен ынтымақтастық жөнінде меморандумдарға қол қойылды.
Форум 20-ға жуық сессиядан тұрады және қазақстандық және халықаралық IT қоғамдастықтың 70 спикері сөз сөйлейді деп жоспарланған.
“Қазақстан билігінің цифрлы инфраструктура құрудағы алдына қойған мақсаты айқын екенін білеміз. Біз үшін бұл үлкен қадам. Осының арқасында Қазақстан қоғамы әлемдік дамуға қосылу жолында үлкен мүмкіндікке ие бола алады. Меніңше Қазақстан халқы өте шығармашыл және жасампаз. Сол себепті Қазақстанның цифрлы индустрияда болашағы жарқын деп білемін”, – деді OneWeb халықаралық спутник байланысы компаниясының бас директоры Нил Мастерсон.
5-6 сыныптарға онлайн платформа арқылы математика және логиканы үйрететін Oqustudy.kz стартапының жасалып жатқанына екі жылдан асқан. Жоба негізін қалаушы Ахан Бахитов тек математиканы үйретуді басқа пәндерді оқытатын жобалардың көптігімен байланыстырды. Болашақта ТМД елдеріне шығуды жоспарлап отырған стартап екі аптадан кейін іске қосылады.
“Жобада диалог арқылы бала өзінің қателескен тұсын біліп, түзей алады. Оның қателескен жерінен алдағы шығаратын есептері анықталады. Бір тақырыпты түсіну үшін түрлі тапсырмалар беріледі. Сол арқылы әр жағынан бірнеше тәсіл арқылы шешім жолдарын іздейді. Біздің негізгі мақсатымыз балаға пәнді түсінікті ете түсу”, – деді стартап негізін қалаушы.
Халықаралық форумның биылғы тақырыптары венчурлық нарықты дамыту, IT өнімді шетелге экспорттау тәжірибелері, цифрлық инклюзия, онлайн білім алу, IT-дегі әйел адамдар, GameDev индустриясын дамыту және т.б.
Abdimanap KENGES