Олимпиада ойындарының екі дүркін чемпионы Илья Ильин допингтік жанжалдардан кейін алаяқтық жасады деп есептейтін адамдардың пікірін қалай қабылдағандығы туралы сұраққа жауап берді.
Қазақстандық ауыр атлет «Бұл мен үшін ең жағымсыз сұрақ. Мен бізді алаяқ деп есептемеймін. Біз өте байыпты түрде, күндіз-түні жұмыс істейміз. Олимпиада медальдарын жеңіп алған сәттеріміз миллиондардың жүрегіне қуаныш сезімін сыйлады. Қуаныштан көз жастарына ерік берді.
Алаяқтық – спортшыларға айтылған деп ойламаймын. Біз көп жағдайда өзімізді шектей отырып, көп нәрсе істейміз. Үлкен турнирді ұтып алу үшін өмір сүреміз. Біздің мақсатымыз ақшаға қарағанда әлдеқайда айқын. Спортзалда бәрі бар – үмітсіздік, көз жасы, жігер. Мұның ешқайсысы ақшамен қайтарылмайды. Адамдар барлығын бұлай есептейтін болса, онда бүкіл спортшылар алаяқтар… Біз ақша үшін жұмыс жасамаймыз, біз еліміздің игілігі үшін қызмет атқарамыз. Басымыздағы қиындықтарымыз жайлы, болашақта денсаулығымызға байланысты қиындықтар туатыны жайында айтпаймыз бірақ түсінеміз. Дегенмен, бұны ешқандай ақшаға сатып ала алмайсыз», – деді.
Жадыра Аманбайқызы