Қазақстаннан жүлдесіз қайтқан “Паразиттер” фильмі “Оскар” алды

0
159
Photo: oscar.go.com

10 ақпан күні АҚШ-та Голливудтағы әйгілі Dolby Theatre сахнасында Америка киноакадемиясының “Оскар” жүлдесін тапсыру рәсімі өтті.

“Үздік фильм” номинациясы бойынша “Оскар” сыйлығы оңтүстік кореялық режиссер Пон Чжун Хоның “Паразиттер” картинасына берілді. “Оскар” тарихында алғаш рет мұндай сыйлықты ағылшын тілінен басқа тілдегі картина жеңіп алды.

Пон Чжун Хо болса “үздік режиссер” сыйлығымен марапатталды. Бұған қоса осы картина “Үздік шетелдік фильм” және “Ерекше сценарий” номинацияларында да жеңімпаз атанды. Көркем шығарма бұған дейін Канн кинофестивалінің “Алтын пальма бұтағын”, “Алтын глобус” және АҚШ кино сыншылары ассоциациясының сыйлықтарын жеңіп алған.

2019 жылы Нұр-Сұлтан қаласында өткен Еуразия кинофестиваліне қатысқан “Паразиттер” фильмі жүлдесіз қайтқан болатын.

“Паразиттер” фильмінде бай және кедей отбасылардың мысалы негізінде әлеуметтік теңсіздік мәселесі көтерілген.

“Оскар” сыйлығын “Жылдың үздік фильмі” номинациясы бойынша биыл “1917”, “Паразиттер”, “Ирландтық”, “Бірде …Голливудта”, “Джоджо атты қоян”, “Неке хикаясы “, “Кішкентай әйелдер”, “Ford Ferrari-ге қарсы” және “Джокер” тәрізді тоғыз картина сынға түскен.

“Джокер” фильмінде бас кейіпкерді сомдаға Хоакин Феникс “үздік әртіс” номинациясында жеңіске жетті. “Үздік әйел рөлі” номинациясында сыйлыққа “Джуди” фильмінде ойнаған Рене Зеллвегер ие болды. “Бірде …Голливудта” фильміне түскен Брэд Питт “екінші пландағы үздік актер” жүлдесімен марапатталды. Брэд Питт осымен екінші мәрте “Оскар” иеленді. Алғашқысын 2014 жылы “Құлдықта өткен 12 жыл” фильмі продюссерлерінің бірі ретінде алған.

“Үздік қысқаметражды фильм” номинациясында “Қарсы қапталдағы терезе” картинасы жүлдеге ие болды. Ал “үздік анимациялық фильм” сыйлығын “Ойыншықтар хикаясы 4” мультфильмі жеңіп алды.

АҚШ-тағы “Оскар” сыйлығын тапсыру салтанатты рәсімі биыл да жүргізушісіз өтті. “Оскар” сыйлығы барлығы 24 номинация бойынша табысталған.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз