7 ақпанда Әзербайжан кезектен тыс президент сайлауы басталды. Сайлау заң бойынша 2025 жылы өтуге тиіс болған, алайда Таулы Қарабақ аумағын өзіне қайтарып, танымалдығы артқан Әлиев оны биыл өткізуді ұйғарған. 

Сарапшылар қазіргі президент Илхам Әлиевтің “жеңісіне” күмәнданбайды.

Ильхам Әлиев әкесі Гейдар Әлиев қайтыс болардан екі ай бұрын, 2003 жылы президент болып сайланған. Кейін ел конституциясынан “бір адам екі мерзімнен артық президент болып сайлана алмайды” деген конституция бабы алынып тасталды. Одан кейін президент өкілеті мерзімі бес жылдан жеті жылға ұзарды. Ильхам Әлиев 2008, 2013, 2018 жылдары президент қызметіне қайта сайланған. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының сайлауды бақылау миссиясы бұл сайлауларды “демократия стандарттарына сай емес” деп бағалаған.

Ильхам Әлиевтен бөлек, бюллетенде тағы алты кандидат бар – кейбірі Әлиевті жұрт алдында мақтаған. Сарапшылар кандидаттар арасында Әлиевтің шынайы оппоненті жоғын алға тартады. Елдегі екі негізгі оппозициялық партия – “Мусават” және “Әзербайжанның халық майданы” партиялары сайлауға қатысудан бас тартқан. “Мусават” жетекшісі сайлаудың әділ өтетіндігіне сенімсіздік білдіріп, бойкот жариялаған.

Президент сайлауы Таулы Қарабақта да өтеді. Былтыр күзде сол аймақтан жүздеген мыңнан астам армян баспаналарын тастап, қашып кеткен. Өзін республика жариялаған Таулы Қарабақтың бұрынғы басшыларын Әзербайжан билігі ұстаған.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз