Нұр-Сұлтанда “NCIT робот және авиация” халықаралық көрмесі өтті

0
254
STEM жүйесін үйрететін Оңтүстік Кореялық мамандар.

27 сәуір күні Нұр-Сұлтандағы №85 мектеп-лицейінде STEM білім беру жүйесін мектептерде қолдану мақсатында “NCIT робот және авияция” атты халықаралық көрме өтті. 

№ 85 мектеп-лицейі Қазақстандағы мемлекеттік мектептердің арасында ең алғаш STEM білім беру жүйесін енгізуді жоспарлап отыр. Аталмыш оқу орнына АҚШ-тан келген NCIT білім беру орталығының мамандары NCITSTEM білім беру жүйесін таныстырып, роботтар мен авиация жөнінде кеңінен мәлімет берді.

STEM дегеніміз не?

STEM жүйесі – ғылым, технология, инжиниринг және математиканы пән ретінде біріктіре оқыту идеясына негізделген бағдарлама.

Көрменің өтуіне себепкер болған NCITSTEM білім беру компаниясының басшысы Джон Ким мырзамен сұхбаттасудың сәті түсті.

“STEM оқыту жүйесін ресми түрде қолданысқа енгізген АҚШ-тың 44-ші президенті Барак Обама”

NCIT компаниясының басшысы Джон Ким.

АҚШ-қа 1985 жылы бардым. Оңтүстік Корея және АҚШ азаматымын. Білім беруге негізделген компаниямыз 5 жыл бұрын Құрама штаттарда құрылды. STEM білім беру жүйесі АҚШ үкіметінің қолдауымен 2003 жылы басталған болатын. Біз Америка оқыту жүйесі мен Оңтүстік Кореяның технологиясын біріктіре отырып, STEM білім беру жүйесін құрдық. Бұл технологиямен қоса адамзаттың мәселесін оңтайландыру. Оқушылар IT мен бірге адамзатты қоса зерттейді. Бізде 10-8-6 жасар балаларға арналған жылдық жүйе мен оқу жоспары бар. Аталмыш жүйе арқылы білімпаз кодтау, бағдарламалау және IТ-ды меңгеріп қана қоймай барша қауымдастық пен ұлттардың ынтымақтастығына қызмет етуді үйренеді. Бұл білім беру жүйеміздің ерекше тұсының бірі.

STEM оқыту жүйесін ресми түрде ұсынған АҚШ-тың 44-ші президенті Барак Обама. Ол білім берудің әдістерін жетік меңгерген еді. Білім алу мен берудегі нәсілшілдіктің жойылуына бар күшін салды. Сондықтан, ол білім алудың түрлі мүмкіндіктерін дамытты. Бұл қандай мүмкіндіктер? Орта мектептерде дамыған жүйенің қолжетімсіздігі белгілі. Сол себепті жаңа жүйені баршаға қолжетімді ету үшін президент барын салды. Осылайша АҚШ конгресіне жаңа жүйе ұсынып, мемлекет жобаны жүзеге асыру үшін 20 миллиардқа жуық қаржы бөлді. Мемлекет маман даярлау мақсатында  бізді 6 жыл оқытты. Бүгінде STEM жүйесімен маманданған мектептер жетерлік. Сонымен қатар, білім беру жүйесі жеке мектептерде ғана емес барлық мемлекеттік мектепте қолжетімді. Қазақстан STEM оқыту жүйесін қолданып бастаған дамушы елдің бірі. Бұл елдің мүмкіндігі зор. Жаңашыл көзқарасқа ашық аймақ. Мұнда қарқынды жұмыс атқарып жатырмыз. Ал, №85 мектеп-лицейінің басшылығы маған өздері хабарласты. Бұл біз ынтымақтастық орнатқан алғашқы мемлекеттік мектеп. Меніңше жүйе барлық мектепте болуы қажет. 

“NCIT Робот және авиация” көрмесі қалай өтті? (суреттер сөйлейді)

STEM оқыту жүйесінің мамандары.
Көрмеге қатысушылар.
Оқушы роботтарды бақылап тұр.
Құс робот.
Қатысушылар құс роботты сынақтан өткізуде.
Балалар да қалыс қалмады.
Кезек биші роботтарда.
Дрон да технологияның озық үлгілерінің бірі.

3D Printing түсіндіру сәті.
Оқушылар тәжірибе жасап көруде.
Оқушылар NCIT компаниясының басшысы Джон Ким мырзамен.
Мектеп мұғалімдері NCITSTEM білім беру компаниясының басшысы Джон Ким мырзамен.

“STEM білім беру жүйесі Қазақстандағы мемлекеттік мектептердің ішінде ең алғаш  №85 мектеп-лицейінде енгізілмек”

Көрме барысында №85 мектеп-лицейі директорының халықаралық істер жөніндегі  орынбасары Алия Алтайқызымен сөйлескен болатынбыз.

Қожабаева Алия Алтайқызы.

Көрменің мақсаты STEM білім беру жүйесін Қазақстан мектептеріне енгізу. Негізі бағдарламаны оқыту балабақшадан басталады. Біздің мектеп алдағы уақытта мамандармен бірлесіп 1-ші сыныптан бастап осы жүйеге көшуді жоспарлап отыр. NCIT компаниясы кабинеттерді жабдықтаудан бастап, мұғалімдерге дейін оқытады. Өздерінің арнайы 1-10 сынып аралығында оқытатын STEM бағдарламасы бар. Қазақстандық балалардың технологиялық білімін жетілдіріп, бәсекеге қабілетті ету өте маңызды. 

Көрме осылай аяқталды.

Көрмеге 300-ге жуық оқушы, мұғалім және ата-аналар қатысты.

Abdimanap KENES

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз