Қара теңіздегі Кершен бұғазында екі кеме өртке оранды. Бұл туралы Росморречфлот баспасөз қызметі хабарлады.
Баспасөз қызметінің ақпараттарына сүйенсек, екі кеме бортында Түркия, Үндістан және Ресейдің 31 азаматы болған. Сонымен қатар, теңіз көлігінің екеуінде де Танзания жалауы желбірегені анықталып отыр. Болжам бойынша, бір кемеден екінші кемеге жанармай өткізу кезінде жарылыс шыққан. Өрттің нақты неден шыққаны анықталу үстінде.
Айта кетейік, осыдан біраз уақыт бұрын дәл осы Кершен бұғазында Украинаның қос кемесін Ресей әскері тұтқындап, шекаралық тәртіпті бұзды деп айыптаған болатын. Осыдан кейін, Украина билігі елде 30 күндік соғыс жағдайын жариялады.