Анкараға зардабы тиген Зарраб

0
88

Америка Құрама Штаттарында (АҚШ) 2011-2016жж аралығында Тегеранға қарсы санкцияларды бұзғаны үшін айыпталған түрік-ирандық кәсіпкер Рыза Заррабқа қатысты сот процесі жүріп жатыр. Дегенмен, бір қызығы сот процесіне Р. Зарраб айыпталушы емес, енді куәгер ретінде қатысады. Осы себепті аталған жағдай әлем назарын аударып, түрік билігін дүр сілкіндірді.

Бұған дейін Рыза Зарраб 2013 жылы экономикалық қылмыстарға қатысты Стамбұл полициясы жүргізген «Үлкен пара» жемқорлықпен күрес операциясы барысында тергеуге алынып, ұсталған еді. Заррабтан өзге оның төрт серіктесі күшінде тұрған АҚШ санкцияларын айналып өтіп, Иран үкіметіне ақша аударудың заңсыз схемаларын ұйымдастырғандары үшін айыпталды. Өз кезегінде Haklbank басшысының орынбасары Хакан Атилла 27 наурызда Нью-Йорк әуежайында ұшқалы тұрған жерінен Федералды Тергеу Бюросы (ағл: FBI) агенті тарапынан АҚШ санкцияларын айналып өтуде Иранға қатысты заңсыз ақша операциясына қатысы бар деген күдікпен тұтқындалды. Прокуратура Атилла үшін 50 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұрап отыр. Айыптауларға сәйкес, Түркияның бұрынғы экономика және ішкі істер министрлері Заррабқа ірі көлемді ақша жымқыруда қолдау көрсеткен.

Кәсіпкерден өзге мемлекеттік банк Halkbank-тың басшысы Сүлеймен Аслан, сол сәтте қызметте болған ішкі істер министрі Муаммер Гүлер мен экономика министрі Зафер Чағлаянның ұлдары тұтқындалды. Қылмыстық істе Еуроодақ бойынша министр Егемен Бағыштың да рөлі туралы айтылды. Бұдан өзге 2013 жылдың 25 желтоқсанда қозғалып, прокурорлар соттың алдына шығара алмаған түрік басшысының ұлы Біләл Ердоған да фигурант деген сыбыстар желдей есті. Дегенмен, 2014 жылдың наурызында қылмыстық істің тергелуі парламенттің шешімімен тоқтатылды. Барлық іске қатысы бар фигуранттар бостандыққа шықты. 72 күн қамауда болған Зарраб, бір қызығы бостандыққа шыққаннан кейін, қайырымдылық ұйымдарына қолдау көрсететін жылы жүректі жан деп жарияланып, Түркия экономикасының қарыштауына өз бизнесі арқылы қалай көмектескенін баяндап, үлкен телесұхбат берді.

Тіпті Түркия билігі Заррабты түрік экспортының дамуына қосқан үлесі үшін мемлекеттік сыйлықпен марапаттады, дегенмен, қазір экспорттың да, импорттың да жалған болғаны анықталып отыр. Алтын сатудағы жетістігі үшін Түркия Республикасының орденімен марапатталған Зарраб, өзі «ешқашан Иранға алтын жібермегенін» мойындап, көлік жүйесінің жай-жапсарын баяндап берген. Оқиғаның түйіні мына себептен көрінеді: Реза Зарраб 2010 жылдан бері Иранға ақша жылыстату жолдарын ойлап тапқан. Halkbank-тың көмегі арқылы Зарраб экспорттық-импорттық операцияларға қатысты жалған құжаттар жасаған. Араб Әмірлігінде ешқашан егіліп, өндірілмеген астықты Ираннан импорттауы да ғажап емес. Түркия алаяқтық деп айып таққан Зарраб 2016 жылдың 19 наурызында АҚШ-тың Флорида штатында тұтқындалды.

Түркия үшін жойқын жауап

2016 жылдың 21 наурызында Рыза Зарраб федералды сотта жауапқа тартылды. Бірақ, бір қызығы соңғы үш айда Зарраб өзін қорғау үшін ешқандай әрекет жасамаған. Оның күдіктіден куәгерге айналып кетуінің себебі де жоқ емес. Айта кетерлігі, АҚШ сот жүйесінде күдіктілердің айыбын жұмсартуға немесе оны алып тастау үшін прокуратурамен мәміле жасауына мүмкіндігі бар.

Мәміле жасалғаннан кейін, куәгердің мәмілені бұзуға, жалған сөйлеуге еш құқықғы жоқ, яғни бар көрген білгенін жіпке тізгендей баяндап беру, оған дәлелдер келтіру –куәгердің міндеті. Осы орайда куәгер-фигурантқа айналған Зарраб болған оқиғалардың жай-жапсарын жайымен баяндай бастады. Сотта кәсіпкер Түркияның бұрынғы экономика министрі Зафер Чаглаянға 40-50 млн еуро көлемінде пара бергенін және Еуро одақ ісі бойынша экс-министр Егемен Бағышқа, Түркияның бұрынғы ішкі істер министрі Муаммер Гүлерге және ондаған шенеунікке не үшін пара бергенін мәлімдеп берді. Бірақ, ең бастысы, аталған қылмыстардың барлығы «Ердоғанның рұқсатымен жасалғанын» айтқан Зарраб, төрт күн көлемінде прокуратураға қайда, не үшін кездескені туралы, кімге не бергені, қайтарымына не алғаны туралы толықтай баян етті. Заррабтың баяндауынша, Halkbank-ке салынған ақша Дубайдан әкелінген алтынды сатып алуға жұмсалған-мыс, саудадан түскен қаржы Иранға жіберілген. Өзара есептің басқа да схемасы болған. Заррабтың айтуынша, ол ауыл шаруашылық өнімдері түрінде жіберілген. Жоғарыда аталған Араб Әмірлектерінде ешқашан болмаған астықты Ираннан импорттау осы оқиғамен сабақтас болуы ғажап емес. Кәсіпкер аталған іске Түркия экономика министрі Зафер Чағлаян мен қаржы министрі Әли Бабаджанның қатысы барын растады. Ал Түркия мұндай әрекет жасалмағанын алға тартты. Түркия президенті Ердоған көршілес Иранмен бұл тұрғыда сауда және энергетикалық қатынастың бар екенін мәлімдеді.

Бұдан өзге Заррабтың жауабындағы ең маңызды құрамдас бөлігі – қаржы полициясы жүргізген сұхбат жазбаларының және Түркия тарихындағы ең үлкен сыбайлас жемқорлық дауына дәлелдердің болуы (17-25 желтоқсан, 2013 жыл):

Анкара мен Вашингтон қырқысы

Дау басталғаннан күннен бері Ердоған полиция мен прокурорларды айыптап, АҚШ-та тұратын Фетхулла Гүленмен ауыз жаласты деп сөкті. Бұдан өзге сол уақыттағы Түркия премьері мен Ердоғанға тараптас масс-медиа, барлық жабылған жалалар жалған деп растап, «Үлкен пара» ісі бойынша телефон әңгімелерін, құжаттар мен суреттерді жойған еді. Сот отырысы барысында осы жағдайға қатысты бірқатар қызықты детальдар қылаң берді. Түрік қорғаныс ұйымдары жасаған жазбалардан өзге 2014 жылдан бастап Федералды Тергеу Бюросы жүргізген техникалық құралдар ұсынылды. Сонымен қатар, техникалық қадағалауға жауапты адам куә ретінде сотқа келген. Сот процесінде Вашингтонның Түркияны тыңдағаны, электронды поштасындағы хат-хабарларды оқығаны аян болды. Осы жағдайға орай Түркия Орталық Барлау Басқармасын (ағл: CIA) айыптап, былтыр бола жаздаған әскери төңкеріс американ барлау басқармасының арнайы операциясы болды деп түркиялық БАҚ жарыса жазды. Үкіметке тараптас Yeni Şafak Daily газеті төңкерісті ұйымдастырған басты кейіпкер Ауғанстандағы НАТО коалициялық күштерінің бұрынғы командирі Джон Ф. Кэмпбелл деп жазды. Түрік бұқаралық ақпарат құралдары америкалық генерал барлау басқармасының қолдауымен, өз кезегінде, Фетхулла Гүленнің қозғалысымен ауыз жаласып, әрекет етті деп жазды. Yeni Şafak басылымында жарияланған мақалаға Джон Ф. Кэмпбелл мақала «жауап беруге тұрмайтынын», ал онда келтірілген айыптар «өте күлкілі» деген пікір білдірді.

Өз кезегінде, Заррабтың соттағы мәлімдемесі Түркия үшін жойқын жарылыстай әсер еткені жасырын емес. Осы сәтте Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған билеуші Әділет және даму партиясы депуттарының шұғыл отырысын шақырып, қандай позицияны ұстану керектігін тұжырымдады. Сот ісін билік те қалт жібермей қадағалап отыр. Бұған басты себеп – «Зарраб ісі». Түркия Республикасы тарихында Анкара тарапынан АҚШ-қа екі рет қарсылық нотасы жариялануына түрткі болды, себебі, Заррабтың жауабында Ердоғанның және оның отбасы мүшелерінің есімі бірнеше рет аталады.

Бұдан өзге Нью-Йорктағы сотта Зарраб мәлімдеме бере бастаған сәтте Ердоған және Түркиядағы билік өкілдері «оның бізге қатысы жоқ», «бұл саяси тергеу ісі», «Зарраб – агент», «бұл Түркия тәуелсіздігі үшін жеке соғыс» сынды мәлімдемелерін алға тарта бастаған. Мәселен, Әділет және даму партиясының Анкарадағы отырысында Түркия президенті Ердоған АҚШ-тағы сот ісінің заңдық негізі жоқтығын алға тартады.

Hürriyet газеті Ердоғанның аталған іс Фетхуллах Гүлен қозғалысының қатысы бар халықаралық төңкеріс әрекеті деген пікірін келтіреді. Ал MK Turkey ғаламтор басылымына Зарраб ісіне қатысты мақала жариялаған Ариф Асалыоғлының пікірінше, Заррабтың жауабы даудан кейін қамауға алынған ондаған мың полиция қызметкері, әскери және мемлекеттік қызметкердің кінәсіздігін айқындайды. 2016 жылдың 15 шілдесінде болған мемлекеттік төңкерістің де бір себебінің ұшпағы осы оқиғадан байқалады.

Сот салдары

19 желтоқсанда әлем назарын аударған аты шулы іс мәресіне жетті. Нәтижесі белгісіз, аян етілмеді. Аталған сот ісінің салдары не болмақ? Саяси гипотезаға сүйенер болсақ, Зарраб сотта келтірген кейбір детальдар Анкараның күрделі проблемалармен бетпе-бет келуі бек мүмкіндігін көрсетеді. Мысалы, жоғарыда аталған Halkbank және Aktif Bank мемлекеттік банктері Иранға ақша жылыстатуда АҚШ санкциясын бұзғандары үшін кінәлі деп танылса, банк басшыларына ірі көлемде айыппұл төлеуге тура келеді.  Бұл Түркия экономикасына үлкен соққы болуы ғажап емес. Бұдан өзге іске қатысы бар кейбір фигуранттарға елден кетуге шектеу қойылуы ықтимал. АҚШ пен Түркия қатынасының қалай өрбитініне аталған жағдай әсер етпейді деп айту да ақылға қонбайды.

Республикалық халық партиясының депутаты Фикри Сағлардың BirGün газетіндегі сөзіне сәйкес сот «17-25 желтоқсандағы жемқорлық дауының жазбаларын дәлел ретінде қабылдаса», Түркияның қазіргі президенті Р. Ердоғанға айтарлықтай қауіп төнетіні, тіпті «президенттің тұтқындалуы» мүмкін екендігі айтылады. Түркия оппозициясы да Зарраб ісі бойынша сот шешімін асыға күтуде. Кейбірінің пікірінше, Зарраб ісі мерзімінен бұрын сайлауға әкелуі мүмкін деп топшылауда. Мұндай жағдайда оппозицияның парламенттен орын алуына мүмкіндік туады.

Билікке жақын Star газеті жазғандай, кәсіпкер Түркияға қатысты ешкім білмеуге тиісті бар былыққа қанық. Бұдан шығатын қорытынды, Зарраб ісі Ердоған және оның айналасы үшін өмірлік маңызы бар. Зарраб мәлімдемесі болашақта Түркияның саяси аренадағы түбегейлі өзгерістерінің түпкі себебі болуы да ғажап емес.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз