22 желтоқсанда Қазақстан мен Өзбекстан президенттері Астана мен Ташкент арасындағы одақ қарым-қатынасы жөніндегі келісімге қол қойды.
“Жан-жақты әріптестік, сенім, тең құқықтық және ұлттық мүддені ескеру” жөнінде жазылған келісімге Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Өзбекстанға барған сапары аясында қол қойылды.
Құжатта сонымен бірге тараптардың бірі үшінші мемлекеттер тарабынан қарулы шабуыл қаупі туындаған кезде Астана мен Ташкент тез арада шара қолдану мақсатында кеңес өткізетіні айтылған. Бірқатар сарапшылар бұл келісімді Ресейдің Украинаға басып кіруі тұсында қабылданып жатқанына назар аударады.
Тоқаев пен Мирзиеев бұдан бөлек екі елдің мемлекеттік шекарасын демаркациялау туралы келісімге де қол қойды.
Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы шекара ұзындығы – 2 мың 300 шақырым. Шекараны белгілеу 2003 жылы басталған.
Шекараны белгілеу кезінде Бағыс ауылы мен Арнасай су қоймасы Қазақстанға берілген. Ал қазақтар тұрған Түркістан ауылы мен Қызылорда облысындағы үш елді-мекен Өзбекстанға өткен.
Осыған дейін екі елдің шекарасын анықтауда көптеген талас-тартыс болған.
Ақорда хабарлағандай, екі көрші саяси, сауда-экономикалық, энергетика, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы және басқа да салаларды кеңейтуді талқылап, жалпы 15-тен астам келісімге қол қойылды.
Биыл Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы сауда жүргізу 5 млрд долларға жеткен. Сарапшылар Тоқаевтың Ташкентке сапарынан кейін бұл сома 8 млрд долларға дейін жетеді деп болжайды.
Қараша соңында Ресей Қазақстан мен Ташкентке “газ одағын” құру жөнінде ұсыныс айтқан. Қазақстан билігі ұсыныс “мұқият зерттелетінін” айтса, Ташкент “ұсыныстан бас тартқан”. Өзбекстан энергетика министрі Жорабек Мырзамахмұдов Өзбекстанның газ мәселесін «саяси шарттарға айырбастамайтынын», газ импорттаса оның коммерциялық негізде жүзеге асатынын білдірген.