6 қыркүйек күні Ақордада Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Арыс қаласындағы жарылыс кезінде тұрғындарға көмектескен азаматтарды марапаттады.
“Осыдан екі жарым ай бұрын Арыс қаласында болған жарылыстың елімізге қаншалықты ауыр тигенін жақсы білесіздер. Бұл төтенше оқиға тек Қазақстанның тұрғындарын ғана алаңдатып қойған жоқ. Алыс-жақын елдер де ниеттестік білдіріп, шынайы қолдау көрсетті. Халқымыз біртұтас ел болып, Арыс тұрғындарына қол ұшын берді. Әрбір облыс бұл қаланы қалпына келтіру жұмысына белсенді түрде атсалысты. 24 маусым халқымыздың тағы бір сынақтан сүрінбей өткен күні ретінде тарихта қалды. Арыс тұрғындарының тыныштығы бұзылғанымен елдің рухы түскен жоқ. Әрине, ең өкініштісі жарылыс салдарынан бірнеше азаматымыз қаза тапты. Біз қаза болғандардың туыстары мен жақындарының қайғысына ортақтаса білдік”, – деді Мемлекет басшысы Ақордада Арыс қаласын қалпына келтіруге қатысқандарды марапаттау рәсімінде.
Президенттің айтуынша, Арысты қалпына келтіруге 10 мың адам, 250 компания және 300-ге жуық арнайы техника жұмылдырылды. Қазіргі уақытта нысандардың 97% жөндеу жұмыстары аяқталды.