Құқық қорғау қозғалысы Amnesty International-дың ақпаратына сай 2022 жылы әлем бойынша 883 адам өлім жазасына кесілген. Бұл көрсеткіш кейінгі бес жылдағы ең көп тіркелген жағдай, деп хабарлайды Kazaknews.kz тілшісі.
2022 жылы ең көп өлім жазасын орындаған елдер Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкалықтар. AI мәліметі бойынша былтыр 20 елде 883 адам өлім жазасына кесілген. Бұл көрсеткіш одан бір жыл бұрынғы статистикадан 53 пайызға көп. Оның ішінде Сауд Арабиясында бір күннің ішінде 81 адамды өлім жазасына кесті. Бұл елдерде өлім жазасы адамның басын кесу, дарға асу, ату, өлімге әкелетін инъекция салу арқылы жүзеге асқан.
Әлемдегі ашық түрде жасалынған өлім жазасының 90 пайызы бар болғаны 3 елді қамтыған. Олар:
- Иран (2021 жылы – 314 адам, 2022 жылы – 576 адам)
- Сауд Арабиясы (2021 жылы – 65 адам, 2022 жылы – 196 адам)
- Мысыр (24 адам)
Бір айта кетерлігі, аталған үш мемлекеттің барлығы мұсылман елдері болып саналады.
Ал, Қытай, Солтүстік Корея және Вьетнамда қазіргі күнге дейін өлім жазасы туралы мәлімет ашық көрсетілмеген. Құқық қорғау қозғалысының хабарлауынша Қытайдағы өлім жазасына кесілгендердің саны Иран, Сауд Арабиясы, Мысыр және АҚШ-тан да асып түседі.
2022 жылы өлім жазасы қайтадан 5 елде заңға енді. Олар: Ауғанстан, Кувейт, Мьянма, Палестина және Сингапур.
Қазақстан туралы айтар болсақ, тәуелсіздік жарияланған сәттен бастап 536 өлім үкімі орындалған. 2004 жылдың 1 қаңтарынан 2020 жылдың 24 қыркүйегіне дейін елде өлім жазасына мораторий қолданылды. Қазіргі уақытта өлім жазасы толықтай жойылды. Қазақстан Конституциясының 15-бабының 2-тармағында:
“Ешкімнің өз бетінше адам өмірін қиюға хақысы жоқ. Өлім жазасына тыйым салынады”, – делінген.