78 жастағы итальяндық қария Мауро Моранди 28 жыл өмірін Буделли аралында өткізді.
Қария Буделли аралына 1989 жылы келген. Теңізде жүзіп жүргенде қайығы бұзылып аралға аман жетеді. Содан бері Буделлиде қалуды ұйғарады. Аралдағы жалғыз адам болса да ондағы өміріне дән риза. Буделлиге ғашық болғаны соншалық, жер жәннатымен теңестіреді. Буделли аралы Сардиния мен Корсиканың арасында орналасқан.
Жыл сайын аралды көруге көптеген турист келеді. Аралда ең ұзақ тұрақтаған адам ретінде Мауро National Geographic арнасына берген сұхбатында: “Мен бұл жердің тыныштығын жақсы көремін. Аралдың қысы да жазы да жанға жайлы. Мұнда ешқандай дүлей боран болмайды”, – деді.
“Мен Буделлиден ешқайда кетпеймін. Өмірімнің соңына дейін осында боламын. Өлгеннен кейін де денем осында қалғанын қалаймын”, – деді қарт.
Жақын арада Мауроның өмірінде өзгеріс болуы мүмкін. Қуатты интернет-провайдер аралға сымсыз желі жеткізуді жоспарлап отырғанын айтқан. Мауро бұл жаңа өзгерісті құптайды. Оның ойынша 28 жыл ғұмырдың аралда өткендігі әлем халқына таңсық болуы мүмкін.