АҚШ делегациясы АҚШ президенті Дональд Трамптың Иерусалимді Израильдің астанасы деп тану туралы шешімін айыптауға шақырған Мысыр қарарына қарсы дауыс берді. БҰҰ жанындағы АҚШ-тың тұрақты өкілі Никки Хейли бұл жобаны сынға алып, БҰҰ-ны Израильге қатысты дұшпандық деп айыптады, деп хабарлайды БҰҰ-ның жаңалықтар орталығы.
Аталған вето – АҚШ-тың соңғы сегіз жылдағы алғашқы ветосы. Қарар жобасында «Қасиетті қала Иерусалимнің мәртебесін немесе демографиялық құрамын өзгертуге бағытталған кез келген шаралар мен іс-әрекеттердің заңды күші жоқ, жарамсыз және жойылуы керек», деп жазылады.
Мысыр ұсынған құжатта барлық мемлекеттерді «Қасиетті Иерусалим қаласында елшілік өкілдіктерді ашпауға» шақырады.
Қарарға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 14 мүшесі дауыс берген.
АҚШ делегациясы қарсы дауыс беріп, қарарға вето қойды.
Никки Хейли Біріккен Ұлттар Ұйымы «Таяу Шығыстағы ең берік демократияға» қарсы дұшпандық қатынастың орталығы деп атап өтті. Ол Израильдің ондаған жылдар бойы БҰҰ тарапынан ағат пікірлілікпен бетпе-бет келгенін айтты.
Бір жыл бұрын АҚШ Таяу Шығысқа қатысты қарарда қалыс қалып, қате жібергенін еске ала отырып, Хейли Вашингтон тарапынан енді мұндай қателер болмайтынына уәде етті.
БҰҰ жанындағы Вашингтонның тұрақты өкілі Мэттью Райкрофт АҚШ-тың ұстанымын сынға алып, Трамптың шешімі аймақтағы бейбітшіліктің сақталуына сай келмейтінін алға тартты.
Өз кезегінде елші Иеруслаим Израиль мен Палестинаның ортақ астанасы болу керектігін және оның мәртебесі Израиль мен Палестина арасындағы келіссөздерде ғана шешілетінін атап өтті.
Мэттью Райкрофт АҚШ билігін Таяу Шығыстағы бейбіт процесті алға жылжыту бойынша нақты ұсыныстарды алға тартуға шақырды.
Сабина Сайлаубай