ЮНИСЕФ зерттеуіне сәйкес, Еуропа мен Орталық Азиядағы балалардың жартысына жуығы (92 миллион адам) жоғары жиілікте пайда болатын жылу толқындарына ұшырайды.
Балалар ересектерге қарағанда жылу толқындарының әсеріне осал келеді. Әсіресе нәрестелер мен жасы кіші балалар. Өйткені олардың дене температурасы ересектерге қарағанда едәуір тез көтеріледі. Бұл ауыр аурулардың, соның ішінде жылу соққысының қаупін арттырады. Тіпті баланың білім алуына кері әсері тиеді.
Ересектер мен балалардың денесі ыстықты әр түрлі қабылдайды. Сондықтан, кейде ата-аналар балаларына ауа температурасының қолайсыз екенін нақты ажырата алмауы мүмкін. Мұның арты баланың денсаулығына зиянын тигізеді.
Кейінгі жылдары жылу толқындары Еуропа мен Орталық Азияда жиі кездеседі. Тіпті мұның әлсіреу белгілері байқалмаған. 2050 жылға қарай температураның 1,7 градусқа көтерілуінің ең консервативті сценарийі бойынша Еуропа мен Орталық Азия аймағындағы барлық балалар жоғары жиілікте пайда болатын жылу толқындарына ұшырауы мүмкін. Балалардың 81 пайызы өте ұзақ жылу толқындарына, ал балалардың 28 пайызы жоғары қарқынды жылу толқындарына ұшырайды деп күтілуде.
ЮНИСЕФ Еуропа мен Орталық Азиядағы барлық ел үкіметтерін балаларды қорғауды қамтамасыз етуге көмектесу үшін мынадай шаралар қабылдауға шақырады:
- Қызып кетуден туындаған балалар ауруларының алдын алу, ерте кезеңде қабылданатын шаралар, диагностика және емдеу тиімділігін арттыру үшін алғашқы медициналық-санитарлық көмекке инвестицияларды жүзеге асыру, оның ішінде қоғамдық медициналық-санитарлық қызметкерлер мен мұғалімдерді даярлауды ұйымдастыру.
- Климаттық өзгерістер туралы алдын-ала болжам жүйелеріне инвестицияларды жүзеге асыру, жергілікті жерлерде экологиялық бағалау жүргізу, төтенше жағдайларға дайындықты қамтамасыз ету
- Ыстық толқындардың әсерін жеңу үшін аймақтарды сумен жабдықтау, санитария және гигиена, денсаулық сақтау, білім беру, тамақтану, әлеуметтік қорғау және балаларды қорғау қызметтерін бейімдеу.
- Балалар мен олардың отбасыларын жылу толқындарынан қорғауға бағытталған тренинг шараларды тиісті қаржыландыруды қамтамасыз ету.
- Балалар мен жастарға климаттың өзгеруі және жасыл кәсіптік дағдыларды оқыту бойынша білім беру бағдарламаларына қол жеткізуге мүмкіндік беру.
Ғылыми мәліметтерге сәйкес, температураның жоғарылауы климаттың өзгеруінің салдары болып табылады. ЮНИСЕФ Еуропа мен Орталық Азия үкіметтерін жаһандық жылынуды 1,5 градус цельсий шегінде ұстау үшін CO2 шығарындыларын азайтуға және 2025 жылға қарай климаттың өзгеруіне бейімделу шараларын қаржыландыруды екі есе арттыруға шақыруда.