Аустрияда кез келген қоғамдық көлікпен жүруге мүмкіндік беретін «климаттық билетке» жылдық абонемент шығарылды. Жоспар бойынша, бұл жеке көлік құнынан әлдеқайда арзан болмақ, деп хабарлайды Kazaknews.kz тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Аустрия билігі тұрғындарын қоршаған ортаға зиян келтіруді азайту мақсатында қоғамдық көлікке мінуге шақырды.
Ол үшін халыққа «Климаттық билет» (KlimaTicket) – бүкіл ел бойынша пойыз, автобус, трамвай және метроны шектеусіз пайдалануға мүмкіндік беретін жол жүру билетінің жылдық абонементі ұсынылды.
Ересек абонемент құны – жылына 1095 еуро, бұл қайта есептегенде күніне үш еуро деген сөз. Жанар-жағармай бағасының көтерілуі аясында көпшілік мұны жақсы ұсыныс деп қабылдаған.
Аустрияда «климаттық билеттің» сатылып жатқанына екі жылдай уақыт болды. Бірақ бүгінде оны тұрғындардың тек 3%-ы сатып алған.
«Сауалнама көрсеткендей, адамдардың оны сатып алудың басты себебі – саяхаттаған сайын билет туралы алаңдамайды, яғни жайлы. Егер сізде абонемент болса, қоғамдық көлікті кез келген жерде оңай пайдалана аласыз. Менің ойымша, Еуропадағы барлық көлік операторы осыған ұмтылуы керек», – деп түсіндірді Verkehrsclub Österreich өкілі Михаэль Швендингер.