Қазақстан Адам құқықтары жөніндегі БҰҰ кеңесіне мүше болды

0
138
Photo: MFA Qazaqstan

14 қазан күні БҰҰ Бас ассамблеясында Адам құқықтары жөніндегі кеңестің 18 мүшесі сайланды. Олардың арасында адам құқығына байланысты жиі сыналатын Қазақстан да бар.

Адам құқықтары кеңесіне кіру үшін кемінде 97 дауыс керек. Ақпаратқа қарағанда, Қазақстан кандидатурасын Бас ассамблеяның 184 делегациясы қолдаған.

“Еліміздің дүниежүзілік ұйымның бас құқық қорғау органына сайлануы оның Адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау саласындағы халықаралық нормалар мен стандарттарды ілгерілету процесіне белсенді және жауапты қатысушы ретіндегі рөлін мойындау болып табылады” деп жазылған Қазақстан сыртқы істер министрлігінің 15 қазанда таратқан хабарламасында.

Сонымен қатар “Қазақстан Кеңестегі жұмысының басым бағыттары гендерлік теңдікті ілгерілету және әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту, өлім жазасын жаппай жою, төзбеушіліктің барлық нысандарына қарсы күрес, дін мен сенім бостандығы, инклюзивті және жалпыға бірдей білім беруді қамтамасыз ету, сондай-ақ COVID-19 пандемиясы жағдайында адам құқықтарын құрметтеу болады” делінген хабарламада.

Қазақстан БҰҰ Адам құқықтары жөнінде кеңесіне адам құқығына байланысты жиі сыналып жатқан шақта мүше болып отыр. Бірнеше күн бұрын халықаралық Human Rights Watch ұйымы кандидаттар арасында кеңеске мүше болуға лайықтысы аз екенін айтып, Қазақстандағы жағдайды да сынаған.

“Қазақстан үкіметі адам құқығы мәселесін күн тәртібіне енгізіп, көңіл бөліп келе жатқанын айтқанмен елде сөз бостандығы, бейбіт жиналу құқығы шектеледі, тәуелсіз кәсіподақ құру мүмкіндігі де аз” делінген ұйым мәлімдемесінде.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз