Қазақстандық режиссер Әділхан Ержанов Asia Pacific Screen Awards (APSA) кинопремиясының “Үздік режиссер” номинациясын жеңіп алды. Бұл сыйлықты кейде “Азия Оскары” деп те атайды.
Марапаттау рәсімі 21 қарашада Австралияның Брисбен қаласында өтті. Ержановқа бұл сыйлық “Қап-қара адам” (“Черный, черный человек”) фильмі үшін берілді. Онда күштік құрылым өкілдерінің бала өлімін жасыруға тырысып, тек журналист іске араласа бастағаннан кейін қылмыстың анық-қанығына жететіні баяндалады.
Бұл номинация бойынша үміткерлер қатарында Филиппин режиссері Лав Диас, қытайлық Ван Сяошуай, палестиналық Элиа Сулейман, Таиланд режиссері Аноча Сувичакорнпон болды. Былтыр Ержанов – “Үздік сценарий” (“Ласковое безразличие мира”), 2014 жылы “Үздік фильм” (“Хозяева”, 2014 год) номинациясы бойынша үміткер болған.
2013 жылы оның “Құрылысшылар” фильмі APSA аясында құрылған “Азия киносын дамыту желісінің” (NETPAC) арнайы сыйлығын алған. 2017 жылы Ержанов APSA-ның халықаралық жюри мүшелері қатарында болды.
Азаттық тілшісінің хабарлауынша, APSA сыйлығы 2007 жылдан бері беріліп келеді. Оны ЮНЕСКО, FIAPF (Халықаралық кинопродюсерлер қауымдастығы федерациясы) және Брисбен қалалық кеңесі бірігіп ұйымдастырған. Бұған дейін Ержановтан бөлек бұл сыйлықты 2008 жылы Сергей Дворцов иеленген. Оның “Райхан” фильмі “Үздік фильмі” номинациясын жеңіп алған.
Жылдар бойы APSA сыйлығына үміткерлер қатарында режиссер Ермек Тұрсынов, Кенжебек Шайқақов, Әділхан Ержанов, Эмир Байғазин, актерлар Ерболат Тоғұзақов, Несіпкүл Омарбекова, Самал Еслямова болған.