28 ақпанда БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссары Мишель Бачелет Ресей Украинаға басып кірген бес күн ішінде кемі 102 бейбіт адам қаза болғанын, оның жетеуі бала екенін мәлімдеді және өлген адамдар саны мұнан да көп болуы мүмкін екенін ескертті.
“Бейбіт адамдардың көбі ауыр артиллерия мен реактивті атыс қарулары оғының үлкен жарылысынан және әуеден атылған снаряд жарылысынан өлген” деді ол.
Бачелет Украинаның миллиондаған адамы қауіп-қатерден қашып, метро мен жертөледе бас сауғалауға мәжбүр болып отырғанын айтты.
Адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссар сөзінше, БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі агенттігі Украинадан 368 мың адамның босқын ретінде шығып кеткенін, Украина ішінде босып жүргендер де көп екенін есептеп отыр.
Бачалеттің сөзі БҰҰ Адам құқығы жөніндегі кеңесінің жыл сайынғы негізгі сессиясы басталар қарсаңда айтылды. Сессия Украинадағы ұрыс қимылдары бойынша жедел пікір алмасу жөнінде дауыс беруден басталды.
Пікір алмасуды талап еткен Украина осы сессияда Мәскеудің Украинаға қарсы әрекетін тергеуге шақыратын резолюция ұсынуы мүмкін. Ресей Украинаның пікір алмасу жөніндегі өтінішін дауысқа салуға қарсы шықты, бірақ кеңестің 47 мүшесінің көпшілік дауысымен Киевтің өтініші қолдау тапты.
БҰҰ-ның Женевадағы бөлімінің өкілі Евгения Филипенко Ресейдің әрекетін халықаралық қауымдастыққа шабуыл деп бағалады. “Бұл тек Украинаға жасалған шауыл емес, бұл – БҰҰ-ның әрбір мүшесіне, осы ұйым қорғайтын ұстанымдарға шабуыл” деді ол.
Оның сөзінше, шабуыл басталғалы бес күн ішінде 350-ден астам адам өлтірілген. Оның 16-сы балалар.
26 ақпанда Украинаның денсаулық сақтау министрі Виктор Ляшко Ресей шабуылынан 198 адам өліп, мыңнан асам адам жараланды деп мәлімдеген. Ресей соғыс құрбандарын айтпай отыр. Ресейдің қорғаныс министрлігі әскерилер арасында өлгендер бар екенін мойындады.