13 сәуірде АҚШ президенті Джо Байден Ресей басшысы Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесті. Ақ үйдің мәлімдеуінше, екі президент аймақ және ғаламдық мәселелер, оның ішінде АҚШ пен Ресейдің қарулануды бақылауға алу және қауіпсіздік саласы бойынша стратегиялық тұрақтылықты қолдау ұмтылысын талқылаған.
Джо Байден АҚШ ұлттық мүддесін қорғау мақсатында кибершабуыл, сайлауға килігу сияқты Ресей тарабының әрекеттеріне нақты жауап беретінін айқын аңғартқан.
Ол АҚШ-тың Украина егемендігі мен территориялық тұтастығын бұрынғыша қолдай беретінін атап өткен. Ол аннексияланған Қырым мен Украинамен шекарада Ресей әскерінің көбеюіне алаңдаушылық білдіріп, Мәскеуді жағдайды ушықтырмауға шақырған.
Байден АҚШ мүддесіне сәйкес, Ресеймен тұрақты әрі жоспарлы қарым-қатынас орнатқысы келетінін растап, алдағы айларда екі ел арасындағы ірі мәселелерді талқылау үшін үшінші бір мемлекетте кездесуді ұсынған.
Путин мен Байденнің телефон әңгімесі туралы Кремль сайты да хабарлады. Онда әңгіменің АҚШ тарабының бастамасымен болғаны жазылған. Ресей президенті сайтының жазуынша, екеуара әңгімеде Ресей-Америка қатынасының қазіргі ахуалы және халықаралық күн тәртібіндегі бірқатар маңызды мәселелер талқыланған.
Мәскеу екі жақтың да ғаламдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін негізгі бағыттар бойынша диалогты жалғастыруға дайын екеніне назар аударады. Бұл тек Ресей мен АҚШ мүддесі ғана емес, бүкіл халықаралық қауымдастық үшін маңызды мәселе.
Кремль мәлімдемесінде Украина төңірегіндегі дағдарыс “ішкі мәселе” деп сипатталған.