АҚШ президенті Джо Байден мен Қытай басшысы Си Цзиньпин телефонмен ұзақ әңгімелесті. Үш сағаттан астам уақытқа созылған диалог жөнінде Еркін Азия радиосы “Байден мен Си видеосаммиті ірі қайшылық жағдайында жылы атмосферада өтті” деген тақырыпта мақала жариялады.
Екі басшы Тибет, Гонконг, Шыңжаң мәселесін талқылаған.
АҚШ пен Қытай арасындағы “сауда соғысы да” айтылған. Пекиннің демократиялық Тайвань аумағына қол сұғуы да сөз болған. Қытай коммунистік партиясының адам құқығын бұзуына да назар аударылған.
Сарапшылар 2021 жылы қаңтарда Джо Байден Ақ үйге келгелі бері екі басшының алғаш рет ұзақ сөйлескенін айтып отыр.
Ақ үй таратқан мәлімдемеде АҚШ өз мүддесі мен құндылықтарын бұдан әрі қарай да қорғай беретіні жазылған. Вашингтон одақтастары мен әріптестерімен бірге 21-ғасырда ережелердің сақталуын қамтамасыз етуге күш салады.
“Америка дауысы” сайты Байден Тайвань бойынша алдыңғы мәлімдемесін сәл жұмсартқанға ұқсайды деп топшылайды. Мәселен, Ақ үй АҚШ “бір Қытай” саясатын қолдайды, Тайвань тәуелсіздігі мен “Тайвань бұғазында бейбітшілік пен тұрақтылыққа нұқсан келтіретін біржақты әрекетке қарсы” деп мәлімдеген.