Байден президент болғалы алғаш рет баспасөз жиынын өткізді

0
220
АҚШ президенті Джо Байден. Photo: Forbes

25 наурызда АҚШ президенті Джо Байден Ақ үйде қызметіне кіріскелі бері алғаш рет баспасөз конференциясын өткізді.

Пандемияға байланысты жиында журналистер әдеттегіден азырақ болды.

Президент Байден сөзін індетпен күрес мәселесінен бастады. Оның сөзіне қарағанда, өзінің президенттігіне 100 күн толғанға дейін (сәуір айының соңы) елде 100 млн екпе салу міндеті мерзімінен бұрын орындалған. Ендігі мақсат – бұл көрсеткішті 200 млн-ға жеткізу.

Журналистер оған індетпен күрес, көші-қон, қару-жарақты бақылау, заң шығару бастамалары, халықаралық қатынас мәселелері туралы сұрақтар қойған.

Байден 2024 жылы екінші рет президент сайлауына түсуге дайын екенін мәлімдеді. Ол кезде 82 жасқа толады.

АҚШ президенті Ақ үй әкімшілігінің әрекеті “елді біріктіретінін”, оны көптеген республикашылдар да қолдайтынын айтқан. “Мені адамдарды бөліп-жару үшін емес, мәселені шешу үшін осы қызметке қабылдады” деді АҚШ президенті.

Байденнің айтуынша, қазір әлемде демократия мен автократия жүйесінің қайсысы тиімдірек деген мәселе шешіліп жатыр. Президент бұл тұста Ресейге тоқталып, ол коммунистік идеология шырмауынан шыққанмен автократ ел ретінде қалды деді. АҚШ президенті одақтастарымен бірігіп демократия саммитін өткізетінін де растады. Оған Америка-Ресей қатынасы туралы сұрақ қойылған жоқ.

Жақында ABC телеарнасына берген сұхбатында Байден “Ресей президенті Владимир Путинді қанішер деп санайсыз ба?” деген сұраққа “иә” деп жауап берген еді. Осыдан кейін Путин Байденге “тікелей эфирде әңгімелесуді” ұсынған. Екі тараптың бұл жөнінде келіскені жайлы әзірге ақпарат жоқ. Байден Путинмен уақыт келгенде міндетті түрде әңгімелесетінін айтқан.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз