Украинада соғыстан зардап шеккен балаларға арнап лагерь ашылған. Оның мақсаты соғыстың салдарынан ата-анасынан айырылған балалармен психологиялық жұмыс жүргізу, деп хабарлайды Kazaknews.kz шетелдік DW агенттігіне сілтеме жасап.
«Физикалық ауырсынудан аулақ болу керек. Алайда, эмоционалды қиындыққа қарсы тұруыңыз қажет. Біз одан қорқып, қашатын болсақ, қорқынышымыз бізді іштей жей бастайды. Біз, керісінше, бұл қорқыныштың көзіне тік қарауымыз керек. Одан кейін өзіңізге жеңіл болады», – дейді психолог маман.
Психолог, балалардан қатты қорыққан нәрсесін, өмірлерінде кездессе қандай сезімде болатындарын сұрайды. Сол сәтте:
«Егер қатты қорыққан нәрсеміз болып қойса не істейміз?» – деп сұрады қыз бала.
«Ол қандай қорқыныш еді?» – деп сұрады психолог
«Анамнан айырылып қалу» – деп жауап берді қыз бала. Оның анасы 2022 жылдың көктемінде Мариуполь қаласын қорғап жүріп, қайтыс болған.
Өткен жылдың көктемінде киевтік іскер Оксана Лебедева, психологтар мен педагог мамандардың басын қосып, ата-анасынан немесе екеуінің біреуінен айырылған балаларға көмектесу үшін лагерь ашқан.
Лагерьдің алғашқы маусымында 35 бала болған. Олар Испанияда 21 күн топтық және жеке психологиялық көмек алған. Одан кейін лагерь қыста жалғасын тауып, қазіргі таңда жаз мезгілінде Украинада болып жатыр.
Дегенмен, бұл лагерлер балалар үшін жасалғанымен, кейбір ата-аналар ол жерге өз баласын жіберуге қарсылық танытуда.
«Барлық ата-аналар немесе қамқоршылар бірдей көзқараста емес. Олардың бәрі балаға психологиялық көмек қажет екенін түсіне бермейді. Жақында біз бір әйелді көндіру үшін 9 сағат уақыт жұмсадық. Алайда еш нәтиже болмады. Оның күйеуі соғысқа өз еркімен аттанған. Оны ресейліктер тұтқынға алғаннан кейін, азаптағанын және өлтіргенін видеоға түсіріп, оның балаларына жіберген. Әлбетте балалардың санасына қаяу түскен. Бірақ анасы сонда да лагерге жібермеді. Себебі, көмек оларға кері әсер етеді деп ойлайды», – дейді Оксана Лебедева.
Алайда бұл лагерьден кейін балалардың жүзіне күлкі ұялайды. Тіпті кейбірінің осыған дейін күлмегеніне көп уақыт болған дейді. Оксана, осыған қарап кейбір ата-аналар ойын өзгертіп, өздері хабарласып жатқандары да бар екенін айтты.
Мамандардың айтуынша психологиялық жарақат адамға болашағым жоқ деген ой ұялатады. Сол үшін жалпы адамзатқа ішкі дүниесін тазартып, әрі қарай өмірге оң көзқараспен қарауға көмектесу қажет.