Белоруссияда мыңдаған адам президент сайлауының қорытындысына наразылық білдірді

0
85
Наразылық акциясы. Минск. Photo: focus.ua

16 тамыз күні Минскіде мыңдаған адам президент сайлауының қорытындысына наразылық білдірді. Қарсылық акциясы “Минск – батыр қала” стеласы аумағында өтті.

Шараға кемінде 60 мыңнан астам адам жиналған. Кейбір мәліметке сай, олардың саны 100 мыңнан асқан. “Интерфакстың” хабарлауынша, жиналғандар төрт бөлікке бөлінген монументтің жан-жағына шоғырланған. Наразылар шараға ту, гүл, шар ұстап келген.

Ақпарат құралдарының жазуынша, акция өткен жерде мобильді байланыс болмаған. Елдің түкпір-түкпірінен келген наразылар “Кет!”, “Лукашенконы автозакқа отырғыз” деп айқайлап, ұрандатқан.

Наразылар дауысты қайта санауды талап етіп, құқық қорғау органдарының қарапайым халыққа күш қолдануына қарсы шыққан. Мұндай акциялар жексенбі күні Витебск, Гомель, Гродно, Барановичте өткен. Беларусьтегі наразылық акцияларын Украина, Германия, Оңтүстік Корея, Мальта, Чехияда да қолдаған.

Жексенбі күні Тәуелсіздік алаңында билікті қолдаған акция өтті. Ресми мәлімет бойынша, оған шамамен 70 мың адам қатысқан. Бірақ кейбір мәліметке сүйенсек, жиналғандар 15 мыңнан аспаған.

Олардың алдында президент Александр Лукашенко сөйледі. Ол қарсыластарын айыптап, сайлау қорытындысы бұрмаланды деген тұжырымды жоққа шығарған.

9 тамыздан бері Беларусьте наразылық акциялары жалғасып келеді. Орталық сайлау комиссиясының ресми қорытындысы бойынша, 9 тамызда өткен президент сайлауында қазіргі басшы Александр Лукашенко жеңген. Ал наразылар сайлау қорытындысы бұрмаланды деп есептеп, дауысты қайта санауды талап етеді. Арнайы жасақ пен милиция наразыларды таратып, ресми мәлімет бойынша бір адам қаза болған. Мыңдаған адам ұсталған. Жүздеген адам жараланған. Еуроодақ наразыларды күшпен басуға бұйрық берген билік өкілдеріне санкция салатынын ескертті.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз