Тәжікстан билігі экстремизм және радикализммен күресте дін саласында тәртіп пен талаптарды күшейтіп келеді. Екі мыңға жуық рұқсаттама құжаты жоқ мешіт тұрғын және қоғамдық мұқтаждықтар үшін пайдаланылатын ғимараттарға айналмақ. Бұл туралы Тәжікстан Үкіметі жанындағы Дін істері және дәстүрлерді реттеу комитеті хабарлайды.
Тәжікстан Үкіметі жанындағы Дін істері және дәстүрлерді реттеу комитетінің Діни бірлестіктер бөлімінің басшысы Хусейн Шокиров мәлімдеуінше, 35 дін қызметкері (хатиб имамдар) аттестациядан өтпегені себепті қызметтерінен босатылады.
Тәжік бұқаралық ақпарат құралдары таратқан ақпарға сәйкес, хатиб имамдар аттестациялық комиссияның қойған сұрақтарына жауап бере алмаған, аталған себепті қызметтерінен босатылды. Сұрақтар имамдарға аттестациядан 20 күн бұрын жіберілген.
Бұдан өзге Тәжікстан Үкіметі жанындағы Дін істері және дәстүрлерді реттеу комитетінің хабарлауынша, елде рұқсаттама құжаттары жоқ 1938 мешіт жабылды.
Жергілікті биліктің шешімімен, мешіттердің жарты бөлігі тұрғын үйге мұқтаж жандарға берілсе, қалған бөлігі әлеуметтік, мәдени ғимараттар мақсатында пайдаланылмақ.
Атап өтерлігі, Тәжікстанда имам-хатибтерге арналған аттестация соңғы 9 жылда өткізіліп келеді. Мешіттердің жабылуына қатысты пікір білдірген Тәжікстан Үкіметі жанындағы Дін істері және дәстүрлерді реттеу комитетінің төрағасы Сулаймон Давлатзоданың айтуынша, аталған мешіттердің басым бөлігі талапқа сай келмейтін құжаттарға ие, мешіт басшылығына тіркеуден өтуге мүмкіндік берілген, бірақ көбі дәл уақытында өтпегендіктен, мешіттер жабылып отыр.