27 қаңтар – Холокост, яғни ІІ дүниежүзілік соғыс кезіндегі неміс басқыншыларының еврейлерді жаппай қудалауын еске алу күні.
1945 жылы 27 қаңтарда Освенцим концлагері азат етіліп, әлем елдері еврейлердің қалай азапталғаны туралы барлық шындықты көріп-білді.
Израильде осы бір сұмдық жылдарды басынан өткергендердің көбі әлі тірі. Әлемде Холокост аталып кеткен бұл оқиғалар адамзаттың қабырғасын қайыстыратын апат болды. 1945 жылы 27 қаңтарда кеңес үкіметінің әскері Освенцим қаласына кірді. Содан бері әлем халқы бұл күнді тұтас ұлтты жойып жібере жаздаған үлкен геноцид деп еске алады. Сол сұмдық апаттан аман қалғандар Израиль мемлекетінің негізін қалады. Сондықтан израильдіктер үшін бұл ерекше күн.
Олар өлім аузынан аман қалды
Беньямин Нетаньяху, Израиль премьер-министрі:
– Біз Қызыл әскерде борышын өтеген батыр еврейлерді және тұтқын болғандарды ұмытпаймыз. Мен Израильде олармен кездескенде қатты толқимын. Олардың адамзат тарихындағы алатын орны ерекше. Тоқсанға келсе де еңсесін түсірмеген. Олардың төсбелгілерін көріп, мақтанышқа толы жүздерін көріп, сол кезде бұл азаматтардың алдында басымды идім және қазір де құрметтеймін. Изральде Холокост құрбаны болған ондаған мың адам бар. Олар соғыс ардагерлері секілді ресми мәртебеге ие. Бұның материалдық көмек сынды жағымды тұстары көп. Алайда, ең бастысы, азаматтардың ерлігінің мойындалғаны. Алты миллион адам құрбан болған тарихтағы ең ауқымды геноцидтен аман қалғандар басынан өткен қиындықтарын ұмытпайды. Себебі маңыздысы бір-ақ нәрсе – олардың қиын тағдыры тұтас Израиль елінің негізін қалады.