Иранда әйелдердің стадионға кіріп, футбол көруіне 1981 жылдан бері алғаш рет рұқсат берілді.
10 қазанда үш мыңнан астам әйел Тегерандағы “Азади” стадионында өткен Иран-Камбоджа футбол матчын тамашалады. Бұл ойында ирандықтар 14:0 есебімен ұтты.
Құқық қорғаушылар оқиғаны түрліше бағалады. Human Rights Watch адам құқығын қорғау ұйымы билеттер тек таныспен сатылғанын, 78 мың орындық “Азади” стадионында әйелдерге 3,5 мың ғана орын бөлінгенін сынады. Amnesty International ұйымы оқиғаны “көзбояушылық” деп атады.
1979 жылғы Ислам революциясынан кейін әйелдерге ерлер құрамасы қатысатын футбол ойындарын көруге тыйым салған. Соңғы жылдары баскетбол мен волейболды да көруге шектеу қойған. Футбол көру үшін ер адамша киініп, стадионға барған кейбір әйелдер ұсталып, жазаланған.