Иран Ислам Республикасында Навруз – Наурыз мейрамы ежелден қалыптасқан дәстүр бойынша 13 күн қатарынан тойланатын болған. Салтанаттан кейін тұрғындар кең далаға шығып, жаңа жылды қарсы алған. Осылайша осы күні көркем табиғатты тамашалап, далаға шыққан адамда жыл бойы бақыт пен береке орнайды деген ырым қалыптасқан.
Бұл дәстүрлер Иранда әлі күнге дейін сақталды. Навруз мейрамы қатарынан 13 күн тойланса, оның алғашқы 5 күні Наврузды тойлап, туыс-туған, дос-жаранның шаңырағын аралаумен өтеді. Тоғызыншы күн Шахрйаран Навруз (шах Наурызы), он үшінші күн Сизда‑бедар (“Үйден тыс он үшінші күн”) деп аталады.
Ирандық әйелдер Наурыз қарсаңында оттан секіреді, сондай-ақ көшеде қызыл киім киген актерлер пайда болады. Беттерін әдеттегідей қара бояумен бояйды яки күйе жағады.
Дастарханға міндетті түрде айна қойылып, шырақ жағылады, зығыр мен бидайдың тұқымы жаңару мен денсаулықтың белгісі ретінде дастарханға қойылады.
Ауғанстан Ислам Республикасында жаңа жыл – Навруз 21 наурызда түнгі сағат бірде тойлана бастайды. 20 наурыздан 21 наурызға қараған түнгі сағат бірде және 21 наурыз сағат түскі он екіге дейін ешкім үйден шықпайды: егер түнде біреу үйден шығып кетсе, келер жылы отбасында біреу қайтыс болады деген наным-сенім қалыптасқан. Келер жыл бақытқа толы болу үшін ешкім жылап-сықтамайды, ашуға бой алдырмайды, балаларға дауыс көтеруге болмайды.
Наврузға ертерек дайындалады: әр отбасы мүшесіне жаңа киім тігіледі, үйдің іші жақсылап жиналады, достары мен таныс-білістеріне сыйлық дайындалады. Мерекеге орай жайылатын дастарханға атауы парсының “син” әрпінен басталатын тәтті тағамдар дайындалады. Бұл тағамдардан тек өздері ғана дәм татып қоймай, өзгелерге де беріледі. Мерекелік дастарханға сондай-ақ – жеміс-жидек пен жаңғақтар қойылады, жеті түрлі жемістен сусын дайындалады.
Отбасындағы баланың санына қарай жұмыртқа қайнатып, оны бояйды. Боялған жұмыртқа бақытсыздықтан құтқарады деген сенім бар, сондықтан оны міндетті түрде жеп қою керек.
Дәл осы күні шаруалар өз малдарын көрсетеді, еркін күрестен “пахлавани” деп аталатын жарыс өткізіледі, спорттық ойындар ойнатылып, тас лақтырудан жарыс өтеді, “бузкаши” деген атауда ат жарыс өтеді.