Иранның батысында түріктің жеке меншік ұшағы апатқа ұшырады. Салдарынан бортта болған 11 жолаушы қаза тапты, деп хабарлайды жергілікті БАҚ.
Ұшақ Чехармехаль және Бахтиария ауданындағы Шехре-Корд қаласында бақылаудан жоғалып кеткен, деп хабарлайды IRINN иран мемлекеттік телеарнасы. Куәгерлер ұшақтың құлап, кейіннен жарылғанын айтады.
Иран азаматтық авиация Ұйымының басшысы Реза Джафарзаде бортта 8 жолаушы және 3 экипаж мүшесі болғандығын хабарлады.
Bombardier Challenger 604 моделіндегі ұшақ түрік кәсіпкері Хуссейн Басаранның компаниясына тиесілі. Түрік бұқаралық ақпарат құралдары таратқан ақпарға сәйкес, бортта кәсіпкердің қызы мен оның жеті құрбысы болған. Олар Дубайдағы кештен қайтып келе жатқан, деп жазады жергілікті БАҚ.
Төтенше жағдайлар қызметінің ресми өкілі Шахин Фатхи ISNA ақпарат агенттігіне берген мәлімдемесінде ұшақ бортында болған жолаушылардың барлығының көз жұмғанын растады.
Атап өтерлігі, бұл Иранда соңғы аптада орын алған екінші әуе апаты. Ақпанның соңында елдің батыс бөлігінде Тегераннан Ясуджға ұшқан Aseman Airlines әуе компаниясының жолаушылар ұшағы апатқа ұшырап, салдарынан борттағы 66 адам қаза тапты.