Дүниежүзінде бүгінге дейін коронавирус жұқтырғандар 89 мың адамнан асты. Бұл жайында WorldOmeter ақпарат ресурсында жарияланды.
2019 жылдың желтоқсанында COVID-19 коронавирус инфекциясы басталғалы 3046 адам өліп, 45 113 адам жазылып шыққан.
Бір ғана Италияда 1700 адам жұқтырып, 34 адам өлген. 500-ден астам адам соңғы тәулікте жұқтырған.
Чехия үкіметі жексенбі күні Чехияда үш адамның коронавирусқа шалдыққанын хабарлады. Үшеуі де Италияға барып келген.
1 наурызда Парижде, адам көп келетін Лувр музейі ашылмады. Музей қызметкерлері коронавирустан қауіптенген. France-Press агенттігінің хабарлауынша, музейдің 300 қызметкері коронавирус қаупі төніп тұр деген уәжбен жұмысқа шықпай қалған.
Франция заңы бойынша, өмірі мен денсаулығына қатер төнсе қызметкердің өз міндетін орындамауға құқығы бар және оның жалақысы толығымен сақталады, шара қолданылмайды деп хабарлайды Халықаралық француз радиосы (RFI — Radio Francais International).
Францияда 130 адам коронавирус жұқтырып, екі адам өлген.