Әлемде COVID-19 індетін жұқтырғандар саны 30 миллионнан асты. Пандемия басталғалы бері 945 мың науқас Covid-тен қайтыс болған. 20 миллионнан астамы жазылған. Бұл туралы америкалық Джонс Хопкинс университеті хабарлады.
14 қыркүйектен бері яғни, небәрі төрт күн ішінде әлемде Covid-ке шалдыққандар саны бір миллионға көбейген. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қыркүйек айында бірнеше рет “күндік рекордтық көрсеткішті” тіркеді.
Әлемде коронавирус жұқтырғандар саны жағынан бірінші орында АҚШ тұр. Мұнда 6,6 миллион адамнан коронавирус табылған. 197 мың адам қайтыс болған. Екінші және үшінші орында Үндістан (5 млн науқас) мен Бразилия (4 млн науқас) тұр. Төртінші орында тұрған Ресейде соңғы мәлімет бойынша 1 млн 91 мың адамға коронавирус инфекциясы жұққан. 19 мың науқас қайтыс болған. Өткен тәулікте Мәскеуде вирус жұққан 805 адам анықталған. Бұл 26 шілдеден бері бір күнде тіркелген ең жоғары көрсеткіш.
Соңғы аптада инфекция Еуропада қайта жылдам тарай бастады. ДДСҰ Еуропада науқастардың наурыз айында індеттің алғашқы толқыны кезіндегі рекордтық көрсеткіштен асып кеткенін анықтады. Австрия мен Чехия эпидемияның екінші толқыны басталғанын хабарлады. Көп елдер қатаң карантин шараларын қайта енгізу мәселесін қарастырып жатыр.