Австрия астанасы Вена осымен оныншы рет өмір сүру сапасы жоғары қалалар қатарында көш бастады.
Mercer порталының ақпарына сәйкес өмір сүруге қолайлы қалалар қатарында екінші орынға Швейцарияның Цюрих қаласы орналасқан, үшінші орынға үш қала – Ванкувер (Канада), Мюнхен (Германия), Окленд (Жаңа Зеландия) қатар табан тіреген. Ванкувер мен Окленд үздік 10 қаланың қатарына енген Еуропада орналаспаған қалалар. Алғашқы ондыққа сондай-ақ Дюссельдорф (Германия), Франкфурт (Германия), Копенгаген (Дания), Женева (Швейцария) және Базель (Швейцария) қалалары енді. Париж тізімде 39-шы орыннан көрінді, Нью-Йорк – 44, Лондон -41.
Посткеңестік кеңістіктегі қалалар рейтингтің соңынан орын алды. Қазақстандағы қалалардың қатарынан Алматы бой көрсетті – 177 орын. Мәскеу 167-ші орында, Минск – 188, Киев -173. Соңғы орынға қайтадан Бағдад (Ирак) орналасты.
Тізімге барлығы 231 қала кірген. Қалалар экономикасы мен инфрақұрылымының дамуы, медицина, білім, демалыс қызметтеріне қол жетімділік бойынша бағаланды. Бұдан өзге саяси және әлеуметтік орта, әлеуметтік-мәдени жағдайы мен климаттық жағдайы да есепке алынған.