Ливандағы БҰҰ-ның бітімгерлік миссиясына қызмет ету үшін жіберілген қазақстандық бітімгерлер БҰҰ-ның “Бейбітшілік қызметі” үшін медалімен марапатталды.
“Қазақстан мен Үндістан үкіметі арасындағы “Үнді батальонының құрамына қазақстандық бітімгерлік контингентін орналастыру тәртібі туралы” келісімге сәйкес, екінші бітімгерлік рота “Ливандағы БҰҰ уақытша күштері” миссиясына қатысуға алты ай мерзімге бірінші ротаны ауыстыру үшін жіберілген еді” делінген қорғаныс министрлігінің сайтында.
Министрлік дерегінше, бұл құрам 2019 жылдың қараша айында елге оралып, “оларды алмастыруға үшінші бітімгерлік рота аттанады”.
Біріккен Ұлттар Ұйымының уақытша күштері қатарында қызмет ету үшін Қазақстаннан 120 сарбаз бен офицердің Ливан мемлекетіне баратыны туралы ең алғаш хабар 2018 жылы маусым айында тараған. Таяу Шығыс еліне 120 сарбаз аттанған. Қазақстан оған дейін елде бітімгерлік қызмет туралы заңның болмауына байланысты әскерін жібермеген.
2015 жылы қабылданған “Бітімгерлік қызмет туралы” заңға сәйкес, әскери қызметкердің бітімгерлік операцияға қатысуы туралы шешім президенттен ұсыныс түскен соң парламент палаталарының бірлескен отырысында талқыланып, қабылданады. Бітімгерлік миссияға әскер жіберу туралы ұсынысты президент айтады. Үкімет әскердің құрамын, саны мен қызмет атқару мерзімін анықтайды.
Президенттің қарулы күштерді бітімгерлік операцияға жіберу-жібермеу туралы шешімді қабылдауға құқығы бар. Бұған қоса, әскерді мерзімінен бұрын қайтару немесе шұғыл эвакуациялау туралы шешімдерді де президент қабылдай алады.
Қазақстандық бітімгерлердің белгілі бір операцияға қатысу мәселесі Нұр-Сұлтанмен жасалған халықаралық келісімдер негізінде жүзеге асырылады.