17 маусымда Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон Киевке алдын ала жарияламай келіп, Украина президенті Владимир Зеленскиймен кездесті. Бұл – Джонсонның Ресей Украинаға басып кіргелі Киевке екінші рет келуі. Өткен жолы ол 9 сәуір күні келген. Содан бір апта бұрын ғана Ресей әскері Киевтен кері қарай шегінген.

“Киевке қайта келгеніме қуаныштымын, президент мырза” деп жазды ол Twitter желісінде.

Президент Зеленский кеңсесінің басшысы Андрей Ермак келіссөз кезінде Украинаға ауыр техника мен әуеден қорғау жүйелерін беру, Украинаны экономикалық қолдау, Ресейге қарсы санкцияларды күшейту және қауіпсіздік кепілдігі мәселелері талқыланғанын айтты.

Борис Джонсон Украина әскери қызметкерлерін Ұлыбритания аумағында оқыту бағдарламасын ұсынды. Оның сөзінше, төрт ай ішінде 10 мыңға дейін сарбазды оқытуға болады. Джонсон Ұлыбритания соғыста стратегиялық өзгеріс болғанын қалайды деді.

Ұлыбритания – Батыс елдері арасында Ресейге қатысты мейлінше қатаң саясат ұстанып отырған мемлекеттердің бірі. Ресми Лондон соғыс басталғалы Украинаға құны жүздеген миллион доллар болатын қару-жарақ берді, бұл көмекті одан әрі де жалғастырмақ. Ұлыбританияның ресми өкілдері Украинаны қолдаудың мақсаты оның жеңіске жетуіне жол ашу екенін бірнеше мәрте мәлімдеген.

Ұлыбритания премьер-министрінің алдында Киевке Еуроодақ ішіндегі төрт мемлекеттің – Францияның, Германияның, Италияның және Румынияның басшылары келіп кетті. 17 маусым күні Еурокомиссияның Украинаға Еуроодақ мүшелігіне үміткер мәртебесін беруді ұсынғаны мәлім болды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз