Арғы тегі оңтүстік азиялық 42 жастағы Риши Сунак Ұлыбритания премьер-министрі болмақ.
Риши Сунак Британияның консерваторлар партиясының жетекшісі болып сайланды. Бұл оның алдағы күндері Ұлыбритания премьер-министрі болатынын білдіреді. Сунак қауымдар паласындағы консерваторлардың көпшілік дауысын алды. Оның бәсекелесі, қауымдар палатасындағы консерваторлар жетекшісі Пенни Мордонт жарыстан шығатынын хабарлады. Бұған дейін бұрынғы премьер-министр Борис Джонсон да бәсекеден бас тартқан.
Сунак небәрі 44 күн премьер болып, отставкаға кеткен Лиз Трасстың орнына келеді.
Болашақ премьер таяу күндері қауымдар палатасында ресми мәлімдеме жасайды. Консерваторлар партиясының жетекшілігі Сунактың партия төрағалығына сайлауында қалған жалғыз кандидат екенін қазірдің өзінде растап отыр, демек ол автоматты түрде премьер болады деген сөз.
42 жастағы Риши Сунак Ұлыбританияның арғы тегі оңтүстік азиялық алғашқы премьер-министрі болады. Оның ата-анасы 1960 жылдары Шығыс Африкадан Ұлыбританияға эмиграцямен келген үнділер. Сунак Оксфорд пен Стэнфордта оқыған, сонда жүріп үнді миллиардерінің қызы Акшат Муртимен танысып, үйленген. Оқуын аяқтаған соң Goldman Sachs инвестициялық банкінде жұмыс істеген. Қазір әйелі екеуі Британия байларының рейтингінде 222-ші орында тұр. Екі қызы бар.
Сунак 2015 жылдан бері қауымдар палатасына үш рет сайланған. 2016 жылы Ұлыбританияның Еуропа одағынан шығаратын Брекзитті қолдаған. 2019 жылы Ұлыбритания премьер-министрі үшін күресте Борис Джонсонды қолдаған. Джонсон жеңген соң Сунак Ұлыбритания қазынашылығының бас хатшылығына тағайындалған, 2020 жылдың ақпанынан осы министрлікті басқарды.
Сарапшылар Сунак қаржы министрі ретінде Ұлыбритания COVID-19 індетінен сәтті алып өтті деп санайды. 2022 жылы шілдеде Джонсонның экономикалық саясатымен келіспей отставкаға кеткен. Сарапшылар Джонсон үкіметінің құлдырауына Сунактың қызметінен кеткені де әсер етті деп бағалаған.
20 қазанда Лиз Трасс Ұлыбритания премьер-министрі қызметінен отставкаға кеткен. Ол небәрі 44 күн ғана премьер болды. Сунак оның негізгі бәсекелесі болған еді.