НҰР-СҰЛТАН, 24 маусым – Kazaknews. Мексиканың мемлекет басшысы Андрес Мануэль Лопес Обрадор қайырымдылық мақсатында курорттардың бірінде орналасқан президент резиденциясын сатпақ.
Президенттің Кинтана-Роо штаты Косумель аралындағы демалыс үйінде мемлекет басшылары ғана тұрады.
“Косумельдегі Casa Maya президент үйінің жай-жапсарын мұқият зерттеймін, себебі оны сатып, түскен қаржыны Кинтана-Роода тұратын мұқтаж жандарға береміз”, – деп мәлімдеді Мексиканың мемлекет басшысы.
Айта кетсек, бұдан бұрын мексикалық есірткі сатушылардың иелігінде болған үйлер аукционға шығарылыпты. Барлығы 27 зәулім үй сатуға қойылып, бір күн ішінде олардың тоғызы 56,6 миллион песоға (3 миллион доллардай) сатылып кеткен.
Осы қаражаттың да басым бөлігі тұрмысы нашар отбасыларға көмекке жұмсалады.