НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг Ресейдің Украинаға қарсы соғысын “көп жылға созылуы мүмкін” деп мәлімдеді. Столтенберг немістің Bild басылымына берген сұхбатында одақтастарды энергия мен азық-түліктің қымбатшылығына қарамастан Киевке қару-жарақ беруге шақырды.
“Біз бұл соғыстың көп жылға созыларына дайын болуымыз керек. Украинаны қолдауды тоқтатпауға тиіспіз” деді ол сұхбатында.
18 маусымда Киевке екінші рет келген Ұлыбритания премьері Борис Джонсон да Sunday Times басылымына “Украина жеңіске жетпейінше соғыс тоқтамайтынын” айтып, ұзақ қақтығысқа “дайындалуға шақырған”.
Бұған қоса Украина қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің хатшысы Алексей Данилов та соғыс ұзаққа созылатынын айтады.
“Майдан шебіндегі жағдай өте қиын. Ресей әскері әлсіз дейтіндердің қатарынан емеспін. Оларда ресурс өте көп. Бірақ біздің жауынгерлер бұдан қорықпай, оқтын-оқтын қарымта шабуыл жасап жатыр. Соғыс жалғасады, әзірге шайқастың шеті көрінбейді” деді ол канадалық Globe and Mail басылымына берген сұхбатында.
Украинада соғыс жалғасатыны жайлы сөздер елдің Донбасс аймағында кескілескен шайқас болып жатқан тұста айтылды.
Көктемде Киевті ала алмаған Ресей Украинадағы күштерін Донбасс аймағына жіберіп, қазір Луганск пен Донецк облыстарын басып алуға тырысып жатыр.