Қазақстанның Норвегиядағы елшісінің орынбасары Талғат Жұмағұлов Норвегияда Қазақстанның 60 азаматы ұсталғанын растады. Елшілік өкілінің айтуынша, оларды 25 қыркүйекте Эйдсволл коммунасындағы қонақ үйде ұстаған.
– Оларды жақын арада Қазақстанға депортациялауды жоспарлап отыр. “Мигрант” мәртебесін алу үшін Норвегияға жұмыс істеуге келгенін дәлелдейтін құжат керек. Олар туристік визамен келген, – деді Талғат Жұмағұлов 27 қыркүйекте.
Бұған дейін Норвегияның VG сайты “көші-қон ережелерін бұзған” бір топ шетел азаматының ұсталғанын, олардың басым бөлігі Қазақстан азаматтары екенін жазған. Ұсталғандардың 60-тан астамы Қазақстан, алтауы Қырғызстан, екеуі Ресей азаматы екені хабарланды.
27 қыркүйекте Қазақстанның сыртқы істер министрлігі бұл мәліметті тексеріп жатқанын айтқан.
– Қазақстан азаматтары ол жақта не себеппен жүргенін, неліктен депортацияланатынын елшілік анықтауға кірісті. Ақпарат толық болғанда хабарлаймыз,- деді СІМ баспасөз қызметінің жетекшісі Нұрбек Алмашов.
Азаттық сайтының хабарлауынша, соңғы жылдары жұмыс табу мақсатында шетелге кеткен қазақстандықтар саны ұлғайған. Қазақстанның СІМ дерегінше, өткен жылы Оңтүстік Кореяда шамамен он мың қазақ мигранты болған.
Ресейлік көші-қон қызметінің жақында жариялаған баяндамасына қарағанда, 2019 жылы қаңтар мен маусым аралығында Ресейге 100 мыңнан астам Қазақстан азаматы жұмыс іздеп кеткен.