Ауғанстан астанасы Қабылда жергілікті уақытпен таңертең орын алған лаңкестік жарылыс салдарынан 50-ден аса адам қаза тапты. Ондаған адам жарақат алды.
Қабылдың батысындағы сайлаушыларды тіркеу орталығына келген жанкештілердің біреуі өзін-өзі жарып жіберген. БАҚ таратқан ақпарға сәйкес, лаңкестік жарылысқа жауапкершілікті ДАИШ* лаңкестік ұйымы мойнына алды. Кейіннен Пулли-Хумри қаласында тағы бір лаңкестік жарылыс орын алып, салдарынан алты адам көз жұмды.
Euronews таратқан ақпарға сәйкес, бірнеше күн бұрын Ауғанстандағы Гур провинциясында сайлау комиссиясының үш қызметкерін тәлібтер ұрлап кеткен. Ел билігі тәлібтерге қазан айында өтетін сайлауға қатысу туралы ұсыныс жасаған еді, бірақ, олар аталған ұсынысты қабылдамады.
Өз кезегінде, Қабылда жексенбіде болған лаңкестік жарылыстан қаза тапқан қазақстандықтар жоқ. Бұл туралы СІМ баспасөз қызметінің басшысы Әнуар Жайнақов хабарлады, деп жазады Informburo.kz.
Бұған дейін осы жылдың басында атап айтқанда қаңтар айында лаңкестер мемлекеттік мекемелер мен шетелдік дипломатиялық өкілдер қызмет атқаратын Кабул шоссесіндегі бақылау бекетінде жарылғыш зат тиеген «жедел жәрдем» көлігін жарып жіберген еді. Лаңкестік жарылыс салдарынан 230-ден астам зардап шегіп, 103 адам қаза тапты. Ауқымды лаңкестік шабуылға жауапкершілікті “Талибан” қозғалысы мойнына алды.
Талибан* – 2005 жылдың 15 наурызында Жоғары соттың шешімімен Қазақстанда тыйым салынған шетелдік лаңкестік ұйым.
*ДАИШ – 15 қазан 2015 жылы қабылданған сот шешімі бойынша, елімізде тыйым салынған террористік ұйымдар қатарына енді.