Егер Вашингтон Тегеранға қатысты саясатын қайта қарамаса, АҚШ президенті Дональд Трамп пен оның елі Саддам Хусейннің кебін киеді, деп мәлімдеді Иран Ислам Республикасының басшысы Хасан Роухани.
Роухани АҚШ қысым көрсетсе де, Иран ядролық бағдарламадан бас тартпайтынын алға тартты.
“БҰҰ мен Қауіпсіздік Кеңесі соғыстың басталуына жауапты адам Саддам Хусейн деді, ал бұған дейін Хусейнді қолдаған елдер бармақтарын тістеді”, – деген Роухани Трамп пен АҚШ-ты осындай тағдыр күтіп тұрғанын атап өтті, деп жазады РИА Новости.
Саддам Хусейн 1979-2003 жылдар аралығында Иракты басқарды. Оның билігі АҚШ елге басып кіргеннен кейін құлатылып, 2006 жылы Ирак Жоғары сотының шешімімен өлім жазасына кесілді.
Иран және алпауыт “алтылық” (Ресей, АҚШ, Британия, Қытай, Франция, Германия) 2015 жылы Иранның ядролық қаруын шектеу бойынша мәмілеге қол жеткізді. Бірлескен іс-қимыл жоспары Тегеранның ядролық қаруды жасап шығару мүмкіндігін шектейді, өз кезегінде Иранға АҚШ пен Еуроодақ тарапынан енгізілген санкциялар алынып тасталған еді. Дегенмен, осы жылы Трамп аталған мәмілені тәрк ететінін мәлімдеп, Иранға қарсы санкцияларды қайта қалпына келтірді. “Алтылықтағы” өзге мемлекеттер АҚШ-тың бұл шешімін қолай көрмеді, бірлескен іс-қимыл жоспарын сақтауға мүдделі екендерін жеткізді.
Safina Said