Саудияда дүрбелең: дәстүр мен жаңашылдық айқасы

0
59
дереккөзден

Сауд Арабиясы, Король әулеті, Иранмен қырқыс, АҚШ пен Ресей ықпалы болмаса жұмбақ кейіпкерлер, жымысқы әрекеттер…

Соңғы уақытта бар әлем назары Араб түбегіне ауды. Ондағы саяси шырғалаң жаһан жұртының көкейіне жауабы жоқ әлде бар сансыз сұрақты сансыратып қойғандай… Қарашаның басында жүргізілген жемқорлықпен күрес операциясы Саудияда әлем күтпеген дүмпудің басталып келе жатқанын мәлім еткендей. Кеше ғана бүкіләлемдік БАҚ Сауд Арабиясы Королі Салман Бен Абдель Азиз әл Сауд тақтан кетеді деген хабарды жарыса жазды. Әкесінің орнын басатын жас дегенмен  мығым ханзада Мұхаммед бен Салман бұған дейін де өзгеше саясат, тың ойларымен саяси аренада ықпалды фигурант болып қалыптасқаны ақиқат. Салман билікке келсе, Сауд Арабиясы Корольдігі төртінші жаңа дәуірге аяқ баса ма? Әлде революцияға мұрындық болмақ тың идеялардың дәурені қысқа қайырылып, дәстүрлі Саудияның кебін кие ме? Салман билігі қаншалықты әлеуетті жалғасын таппақ?

Қарашада Саудиядағы жемқорлықпен күрес операциясын жүргізген Мұхаммед бен Салман өз әулетіндегі 11 ханзаданы, ірі шенеуніктер мен дәурені жүріп тұрған бірнеше министрлерді, тіпті Ұлттық гвардия басшысы Мутаиб бин Абдолланы да тұтқынға алды. Жемқорлық үшін айыпқа іліккендерден өзге ірі операция жүріп жатқан сәтте Король әулетінің ханзадаларының бірі Мансұр бен Мукрин және бірнеше шенеунік мінген тікұшақ жұмбақ жағдайда апатқа ұшырады. Саяси сарапшылардың кейбіреуі болған жайтқа бұл Мұхаммед бен Салманның билікке қол жеткізу үшін әкесімен бірлесе жасаған жымысқы саясаты деп баға берсе, кейбір сарапшылар болған жағдайға АҚШ пен АҚШ президенті Дональд Трампты байланысты етті. Салманның билікке қол жеткізу деген тәтті мұратын жоққа шығара алмаймыз. Ақиқатында, ханзада жасаған «фильтр» операциясы сәтті шыққанға ұқсайды. Саудия Королі әл Саудтың баласының аяғына оралғы болады-ау деген бірқатар фигуранттарды шеттетуі, одан қала берді таққа баласын отырғызуы діттеген мақсатының нысанаға дөп тигенін көрсетеді. Шындығында, Сауд Арабиясы заңы бойынша билік ағадан ініге берілетінін ескерсек, король әл Сауд бұл заңды ештеңені ескерместен түбегейлі бұзды. Әрине бұл король әулеті мүшелерінің наразылығын тудырмай қоймайтыны анық. Дәл сол сәтте наразылықтың мысын басқан Мұхаммед бен Салман «тазалау» операциясына кірісіп кетуі кездейсоқтық емес ендеше. Жемқорлық операциясы арқылы саяси элитаралар ғана емес, ел экономикасында елеулі орын алатын, әлемдік кеңеістіктегі ірі компания басшылары да тұтқынға ілікті (мәселен, Citigroup қаржылық компаниясының ірі акционері, сонымен қатар 21st Century Fox медиакомпаниясының екінші ретті үлескері әл-Валид бен Талал). Деректер бойынша, NBC медиахолдингінің басшысы әл-Валид бин Талал да тұтқындалған. Әрине оқиғалар тізбегі Мұхаммед бен Салманның елдегі бар билікті қолына шоғырландыруды мақсат тұтатынын дәлелі.

Ханзада қателік жасады ма?

Әлемдік сарапшылар 32 жастағы ханзада Мұхаммед бен Салманға жас, мақсаткер, әрекетшіл деп баға береді. Заманауи саясат сәулетшісінің шалыс басуы мүмкін бе? Осы турасында саясаткер А. Садыхов «Мұрагер ханзада үнемі дұрыс тәуекелдерге бара бермейді» деп пікір білдіреді. Жемқорлық операциясын жүргізу арқылы ханзаданың тұтқынына іліккен адам саны 200-ден асып жығылады десек, оның мүмкін көзсіз, әлде өзінше көреген саясаты өзіне дұшпан жинап берді деген пікірдің жаны бардай көрінеді. Король әулеті ханзадаларын күштеп өзіне бас ұрғызу, кейіннен олардың қалталарын қағып, бар байлық, мүлкін ел қазынасына салу, дәурені жүріп тұрған сәтте қалыпты болып көрінгенімен, әкесінің көзі кеткенде ханзаданың басына қара бұл үйірілмесіне кім кепіл?

Тың бастамалар жаңа дәурен орната ма?

Мұрагер ханзада бұған дейін де жаңашыл саяси көзқарасымен ерекшеленген реформатор. Дегенмен оның дәстүрлі консерваторлығы Қорғаныс министрі лауазымында көршілес елдерге қырғидай тиіп, агрессивті саясат ұстануының бір көрінісі болды. Бұған дейін әл-Салманның «Көрініс -2030» стратегиясы жаһанда тың резонанс тудырғаны ақиқат. Елдегі «Арамко» ірі мұнай компаниясын инновациялау, «жанды қоғам құру», мемлекетті мұнайға деген тәуелділіктен арылту сынды амбициялық мақсаттарға саятын стратегия ханзаданың реформатор ретіндегі бір қырынан ашып көрсетті. Стратегиядағы мақсаттарға негізделген тағы бір «Neom» жобасы (мегаполис құрылысы) да мұрагер ханзадаға тиесілі. Ханзаданың өзі «Арманшылдардың мекені» деп баға берген жоба Саудияның орналасқан аумағындағы табиғи ерекшеліктерін ескере отырып, елдің «екінші мұнайына» айналған күн мен жел энергиясын ұтымды пайдалануды мақсат тұтқан. Ал Король әл Сауд болса, Сауд Арабиясындағы Исламның ультра консерватив ағымы ваххабизмді жоюға ниетті екендерін жайып салды. Түйін неде? Сауд Арабиясы тың революция кезеңінің алдында тұр. Билік ауысса орын алар деген саяси гипотезалардың біздіңше екі нұсқасы бар. Бірі: Сауд Арабиясы қоғамы дәстүрлі талаптардан айығып заманауи мемлекет келбетіне мейлінше көшеді, саяси еркін ұстанымдарға бет бұрады, Араб түбегіндегі жетекші елдердің көшін бастауы да ғажап емес. Я болмаса, әл-Салманның мақсаттары шаң қапса, діттігені болмаса, Саудияда әдеттегі дәстүрлі қоғам прогресстен қарағанда мығым орнауы мүмкін. Дегенмен, Сауд Арабиясы Араб түбегінде жетекші лидерліктен тыс қалады деген сөз емес. Ішкі саясатта дүмпу орнықса да, сыртқы саясатта бен Салманның қитұрқы логикасы көршілес бар Араб елдеріне тісін батырса, ал ұлы державалармен байланысын суытпайтыны дәлелсіз шындық.

Дәстүр мен жаңашылдық қақтығысының белдеуінде тұрған ел әлемдік аренадағы орнын айшықтай ала ма екен, ол да жаһан назарынан тысқары қалмақ емес.

Сабина Сайлаубай

 

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз