Шығыс Ғұтаға гуманитарлық көмек жеткізілді

0
98

Азық-түлік өнімдері мен дәрі-дәрмек тиеген 15 жүк көлігі Шығыс Ғұтаның Дума қаласына келіп жетті. БҰҰ жөнелткен гуманитарлық көмек Шығыс Ғұтаға апта басында жеткізілуі тиіс болатын. Дегенмен аймақтағы жағдайдың қайта ушығуына байланысты жүк көліктері аумаққа ене алмаған. Бұл туралы Би би си ақпараттық агенттігі хабарлайды.

Қазіргі уақытта тұрғындарға үлестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Сондай-ақ осы шара барысында тұрғындардың қақтығыс аймағынан шығуына да жағдай жасалған. Әитсе де, Гуманитарлық ұйымдар, бұл көмек Шығыс Ғұтада қалған 400 мың адамға жеткіліксіз деп хабарлайды.

Еске сала кетейік, алғашқы көмек керуені 5 наурызда жеткізілген еді. Ол кезде Дума қаласына 247 тонна гуманитарлық қажеттілік таратылды. Сонымен қатар содырлардан 13 бейбіт тұрғын азат етілді.

Айта кетейік, «Шекарасыз дәрігерлер» ұйымының мәліметінше, жыл басынан бері Шығыс Гутада ушыққан қақтығыс кесірінен мыңнан астам адам қаза тапты. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, апта басынан бері тағы жүздеген адам мерт болды.

Әуе соққыларынан тас-талқаны шыққан Шығыс Гутаны сириялық фотограф суретке түсіріп алған. Соңғы 5 жылда өзінің туып-өскен жері Думадағы жағдайды фотоаппарат объективіне салып, бейнеқор жасаған Мұхаммед Бадраның суреттерін бұған дейін CNN телеарнасы жариялаған еді.

Төмендегі суреттерден ажал құшқан кінәсіз сәбилер мен жазықсыз тұрғындарды көресіз.

Фотограф электронды пошта арқылы суреттерін жіберген сәтте, «Біздің мемлекетте тоқтаусыз жарылғыш заттар аспаннан түсіп, құлағымыз жарылыстан тұнып қалатын», деп жазған.

Мұхаммед Бадра «Мен жаралы балаларды көрген кезде, құдайдан олардың амандығын немесе ауыр жарақат алмауын тілеймін. Дәрігерлер көмек бергеннен кейін ғана суретке түсіріп аламын», – дейді.

2012 жылдан бері қанға малынған Сирияны суретке түсірумен айналысатын Бадра «Шындық пен сұмдықты сурет беттерінде сақтап қалу арқылы болашақта өз мемлекетіме пайда тигіземін деп ойлаймын. Бір суреттің бәз біреулердің жүрегіне жетіп, тұтас соғысты тоқтату күшіне ие екеніне сенемін», дейді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз