Қазақстан Ресей бақылауындағы Украинаның төрт облысында басталған референдумды құптамайды. Бұл жөнінде Қазақстан сыртқы істер министрлігін ресми өкілі Айбек Смадияровтың сөзін келтіріп ҚазТАГ агенттігі жазды. 

“ЛХР мен ДХР деп өзін-өзі жариялаған мемлекеттердің және Запорожье мен Херсон облыстарының әскери әкімшіліктерінің Ресейге қосылу туралы референдумдар өткізуіне келетін болсақ, Қазақстан мемлекеттердің аумақтық тұтастығы, олардың егемендік теңдігі және бейбіт қатар өмір сүру қағидаттарын негізге алады”, – деп мәлімдеді СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров.

СІМ баспасөз хатшысының сөзінше, Қазақстан президенті бірнеше рет, оның ішінде БҰҰ мінберінен жақында ғана сөйлеген сөзінде осы дүниежүзілік әмбебап ұйымның жарғысына негізделген халықаралық құқық қағидатын бұлжытпай сақтаудың маңыздылығы туралы айтқан.

Жарғыда БҰҰ-ға мүше елдердің бейбітшілік пен мемлекеттердің аумақтық тұтастығын сақтау жауапкершілігі туралы айтылады.

“Біз саяси диалог орнату үшін жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенімізді тағы да растаймыз. Бұл ретте еліміз тұрақтылықты өңірлік әрі жаһандық деңгейде сақтауды аса маңызды міндет санайды”, – делінген ақпаратта.

Украинаның бір бөлігін Ресейге қосу туралы референдум 23 қыркүйекте басталған. Украинаның Донецк, Луганск, Херсон және Запорожье облысының бір бөлігінде өтіп жатқан референдум бес күнге созылады. Дауыс беру өтіп жатқан аумақта халықаралық БАҚ пен халықаралық ұйым бақылаушыларының өкілі жоқ.

Референдум өтеді деп жарияланған аумақтардың барлығын әлем елдерінің басым бөлігі Украина жері деп есептейді. Украина билігі, сонымен бірге АҚШ пен Батыс елдерінің өкілдері бұл аумақтарда өтетін референдумды заңды деп мойындамайтынын бірнеше мәрте мәлімдеді. 2014 жылы Қырымның аннексиялануын мойындамаған Еуропа кеңесі жақында ғана жариялаған мәлімдемесінде  басып алынған аумақтардағы референдум нәтижесін заңды деп мойындамайтынын жариялады. БҰҰ жарғысы өзге елдің аумағын аннексиялап алуға тыйым салады.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз