Түркияда 28 мамыр күні президент сайлауының екінші турында 52 пайыздан жоғары дауыс жинап Режеп Тайып Ердоған жеңіске жетті.
Сайлау нәтижесі белгілі болғаннан кейін Режеп Ердоған жақтастары президент резиденциясының алдына жинала бастады. Ресми мәлімет бойынша сайлауда жеңіске жеткен президентті қолдауға келгендердің саны 320 мыңнан асады. Ердоған осыншама халықтың алдында сөз сөйлесе, сайлауда жеңілген Кемаль Кылычдароглу журналистер мен жақтастарының алдында пресс-конференция өткізді.
Кемаль Кылычдароглу бұл сайлаудың әділетсіз өткенін айтты.
«Соңғы жылдардың ең әділетсіз сайлауы болды. Мемлекеттің барлық мүмкіндіктері бір саяси партияға, бір адамның аяғының астына жығылды», – деді Республика халық партиясының (CHP) төрағасы Кемаль Кылычдароглу.
Basın Açıklaması https://t.co/mULmh9GLsR
— Kemal Kılıçdaroğlu (@kilicdarogluk) May 28, 2023
Кылычдароглу сайлау нәтижесінен емес, елінің болашағы үшін алаңдайтынын жеткізді. Оның айтуынша алдағы уақытта Түркияда әділетсіздік одан әрі жалғасады.
«Бұл сайлауда халықтың қандай да бір қысымға қарамастан авторитарлық билікті өзгертуге деген құлшынысы бар екені белгілі болды. Бұл үшін CHP және Ұлттық альянс тарабы барлық әдісті пайдаланып күресуде. Елімізде нағыз демократия орнамайынша, біз бұл күрестің көшбасшысы болып қала береміз», – деді Кемаль Кылычдароглу.
Ал Ердоған, жиналған халықтың алдында ән айтып, одан кейін қолдаушыларына алғысын айтты.
«Ұлтымыздың әрбір ерік-жігері секілді бұл нәтиженің де өз орны бар. Бірақ біз жалғыз жеңімпаз емеспіз. Жеңімпаз – Түркия, жеңімпаз – ұлтымыз, біздің демократия», – дейді Әділет және даму партисының (AK parti) төрағасы Режеп Тайып Ердоған.
Bize yeni bir zafer daha yaşatan milletimiz var olsun. Türkiye Yüzyılı kutlu olsun. Büyük Türkiye zaferimiz hayırlı olsun. 🇹🇷 pic.twitter.com/SRzasZGvuZ
— Recep Tayyip Erdoğan (@RTErdogan) May 28, 2023
«Бізге тағы бір жеңіс сыйлаған халқымыз аман болсын. Түркияның 100 жылы құтты болсын. Ұлы Түркия жеңісіміз хайырлы болсын», – деп жазған Режеп Ердоған Twitter желісінде.
Түркиядағы сайлау комиссиясының қорытындысы бойынша берілген дауыстың 99,85 пайызы тексерілген. Нәтижесі бойынша Ердоғанға 27 миллионнан астам адам, ал Кылычдароглуға 25 миллионнан астам адам дауыс берген. Осылайша 52,16 пайызбен Ердоған жеңіске жетті.
Шетелдегі түркиялықтар, тұрып жатқан еліндегі елшіліктер мен консулдықтарда 20-24 мамыр аралығында дауыс берді. Қазақстанда Түркияның елшілігі Астанада және консулдығы Алматы мен Ақтау қаласында орналасқан.
Бір қызығы Астана мен Алматыда дауыс берген түркиялықтар бірінші турда Кылычдароглуны қолдаса, екінші турда Ердоғанға көп дауыс берген. Алайда Ақтаудағы консулдықта екі турда да Кылычдароглу жеңген.