Түркия: Саудиялық журналист Хашоггиді өлтіру ісі бойынша сот басталды

0
114

Түркия соты 2018 жылдың қазанында қастандықпен өлтірілген Сауд Арабиясынан шыққан журналист Жамал Хашоггидің қазасы туралы істі қарай бастады.

Сауд Арабиясының 20 азаматына айып сырттай тағылған.

Сауд Арабиясы билігін, ең алдымен тақ мұрагері ханзада Мұхаммед бин-Салманды қатты сынайтын мақалалармен танымал журналисті Сауд Арабиясының Стамбулдағы консулдығында өлтірген. Эр-Рияд журналист өрескел жүргізілген арнайы операция салдарынан қаза болған деп, ел билігі ешқашан ондайға рұқсат бермейтінін айтады.

Түркия соты жауапқа тартып жатқандардың арасында Сауд Арабиясы барлау қызметі басшысының бұрынғы орынбасары Ахмед әл-Асири мен Сауд Арабиясы королі отбасының бұрынғы кеңесшісі Сауд әл-Кахтани бар. Оларға қасақана адам өлтіруге итермелеген деген айып тағылған. Тергеу дерегі бойынша, Хашоггиді өлтіргеннен кейін денесін бөлшектеп, дипломатиялық ғимараттан алып шыққан. Марқұмның сүйегі әлі күнге табылған жоқ.

Былтыр желтоқсанда Сауд Арабиясыннда Хашоггидің өлімі туралы іс бойынша жабық өткен сот бес адамды өлім жазасына кескен, тағы үш адам түрмеге қамалған. Билік жауапқа тартылғандардың есімін жарияламады.

2019 жылы сәуірде АҚШ мемлекеттік департаменті арасында әл-Кахтани да бар 16 адамның ел аумағына келуіне тыйым салған. АҚШ барлауының өкілдері өмірінің соңғы жылдары АҚШ-та тұрып, Washington Post басылымымен әріптестік орнатқан Жамал Хашоггиді өлтіруге ханзада Салманның тікелей қатысы болуы мүмкін деген пікір білдірген. (RFL/RL)

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз