Таиланд билігі туризмді дамыту мақсатында 21 мемлекет үшін виза төлемін алып тастады. Аталған 21 елдің арасында Қазақстан да бар.
Bangkok Post басылымының мәліметінше, осыған дейін туристер әуежайда 2 000 бат (22500 теңге) төлесе, енді тегін өте алады. Сонымен қатар, турист 15 күнге келген болса немесе дәл туристік маусымда 1 желтоқсан мен 31 қаңтар аралығында келсе, виза үшін төлемейді. Басылымның хабарлауынша, Таиланд билігіндегілер Украина, Румыния, Қазақстан және Қытай туристерін қызықтырмақ ниетте. Осылайша, туристердің саны кем дегенде 30 пайызға көбейетіні айтылды. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, жыл басынан бері Таиландқа 28 миллион шетелдік турист келген.