Сауд Арабиясының мұрагер ханзадасы Мұхаммед бен Салман «Жыл адамы-2017» онлайн-дауыс беру нәтижесінде өзге әлемдік көшбасшылар, әртістер мен белсенділерден озық шығып, көп дауыс жинады деп хабарлайды Time журналы.
32 жастағы мұрагер ханзада 24 % дауыс жинаған. #MeToo қозғалысының өкілдері (жыл бойы белгілі адамдардың жыныстық қудалауы туралы айтқан) 6 % дауыспен екінші орынға шықты. Үшінші орынға 5 пайыз дауыстан жинаған бірнеше номинаттар жайғасты. Олар «Ресей» ісі бойынша АҚШ-тың арнайы прокуроры Роберт Мюллер, футболшы Колин Коперник және «армандаушылар» (АҚШ-қа ата-аналарымен заңсыз келген жастар).
Владимир Путин, Эммануэль Макрон, Ангела Меркель және Рим Папасы Франфциск сынды саясаткер тұлғалар 3 пайыз дауыстан жинаған.
Атап өтерлігі, «Жыл адамы» Time журналының нұсқасымен 1927 жылдан бері тағайындалып келеді. Онлайн-дауыс беру 1998 жылдан бері өткізіліп келе жатыр. Әдеттегідей, редакция мен оқырмандардың пікірі сәйкес келе бермейді. Мәселен, 2016 жылы журнал оқырмандары ең танымал деп Үндістан премьері Нарендре Модиды таңдаса, редакция таңдауы АҚШ президенті Дональд Трампқа түсіп, оны «Жыл адамы» деп атады.
Сауда Арабиясының мұрагер ханзадасы Мұхаммед бен Салман Сауд Арабиясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы компания құрғаннан кейін белгілі болды, ол шамамен 200 адамды тұтқындатты, оның ішінде 11 ханзада, 30-ға жуық бұрынғы және қазіргі министрлер, сондай-ақ кәсіпкерлер бар.
Сабина Сайлаубай