Қытай 25 наурыздан бастап Хубэй провинциясындағы карантинді аяқтайды. Бұл туралы Қытай басылымдары хабарлады.
Осы аймақтан коронавирустың жаңа түрі тараған болатын. Ауру-сырқаудан аман тұрғындар провинция аумағынан шыға алады. Ал Хубэй провинциясының әкімшілік орталығы Ухань қаласында карантин 8 сәуірде аяқталады. Аймақтағы оқу орындары жағдай тұрақталғанына толық сенім болғанда ғана ашылады.
Ал ел астанасы Пекинде 25 наурыздан бастап карантин күшейтілмек. Шетелден келген әрбір адам вирусқа анализ тапсырып, екі апта карантинде болады.
Коронавирустың жаңа түрі былтыр желтоқсанның соңында Қытайда тараған. Ресми дерек бойынша, бұл елде 81 мыңнан астам адамға вирус жұғып, үш мыңнан астам адам қаза болды. Кейінгі аптада Қытайда вирус жұқтырғандар саны айтарлықтай азайды.
Наурызда Италия коронавирус эпицентріне айналды. Бұл елде 64 мыңнан астам адам дертке шалдығып, алты мыңнан астам адам қаза тапты.