«Үлкен үштік» Сирияда шабуылға көшті

0
52
/Дамаск

Думадағы мүмкін химиялық шабуылға қатысты президент Дональд Трамп АҚШ Сирияға әскери шабуыл жасау туралы бұйрық берді. Халыққа жасаған мәлімдемесінде АҚШ басшысы Сирияға «жоғары дәлдіктегі» шабуылдардың басталғанын мәлім етті. Бұл химиялық қаруы бар нысандарға қатысты, дейді Трамп 13 сәуірде. АҚШ басшысының айтуынша, Сирияға жасалған шабуыл – Ресейдің Сирияда химиялық қару қолдануды тоқтата алмаған қабілетсіздігінің тікелей салдары. Трамп: «Ресей қараңғы жолмен жүре береді ме әлде өркениетті ұлттардың қатарына қосылады ма, өзі шешуі керек», – деп мәлімдеді. АҚШ президенті Сирия басшысы Башар Асадты адамдардың өліміне кінәлі «құбыжық» деп атады. Бұл туралы dw.com хабарлайды.


++ 06:48 ++
Ресей Сирия билігіне АҚШ, Ұлыбритания және Франция тарапынан шабуыл дайындалып жатқанын ескертті. Бұл туралы Reuters агенттігіне Сирияның жоғары шенді шенеунігі хабарлаған. Оның айтуынша, мақсатты шабуылдың алды алынды, Сирия шабуылдан келетін шығындарды барынша азайтты. Аталған дереккөздің мәліметіне сәйкес, Сирияның Әуе-қорғаныс күштері зымырандардың үштен бірін атып түсірген.
++ 06:30 ++
АҚШ Ресейге химиялық қаруға қатысы бар нысандарға шабуыл жасаймыз деп ескертпеген. Бұл туралы АҚШ Қарулы күштері біріккен штабы басшылары комитетінің басшысы  Джозеф Данфорд мәлімдеді. Дегенмен, америкалық әскерилер ұшу кезінде төтенше жағдайлардың алдын алу үшін ресейліктермен қалыптасқан байланыс арқылы хабар алмасып отырған. Данфордтың айтуынша, АҚШ ресейлік әскерилердің жағдайға араласуын барынша азайту үшін шабуылды мақсатты түрде таңдаған.
++ 06:25 ++
Ұлыбританния Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, британ әуе-қорғаныс күштеріне тиесілі ұшақтар сенбіге қараған түні Хомс маңында орналасқан нысандарға бір-бірден зымыран жіберіп отырған. Аталған қаладан 24 шақырым жерде бұрынғы әскери нысанда химиялық қару өндіру үшін қажетті материалдар жинақталған, – деп хабарлайды ведомство.
++ 06:15 ++
Ресей СІМ Сирияға жасалған шабуылды айыптады. «Сирия «бейбіт болашаққа жолдама алған уақытта» АҚШ Дамаскқа шабуыл жасады», – деп мәлімдеді Ресей СІМ өкілі Мария Захарова.
++ 06:02 ++
Бұл жолы Асад режиміне жасалған одақтастардың шабуылы 2017 жылы Америка жасаған шабуылдан әлдеқайда қатаң болды, деп мәлімдеді Пентагон басшысы Джеймс Мэттис. Мэттистың айтуынша, Сирияға жіберілген зымырандардың саны жоспарланғаннан екі есе көп болды. Өткен жылы АҚШ Сириядағы Шайрат әуе базасына шабуылдаған сәтте 59 зымыран пайдаланған еді.
++ 05:55 ++
НАТО Сирияға жасалған шабуылдарды қолдады. Бұл туралы НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг мәлімдеді. «Бұл Сирия билігінің химиялық қару қолдануын шектейді», –дейді Столтенберг.
++ 05:44 ++
Сирияға жасалған шабуыл жауапсыз қалмайды. Бұл туралы Ресейдің АҚШ-тағы елшісі Анатолий Антонов хабарлады.
++ 05:35 ++
Сириядағы «САНА» ақпарат агенттігі Сирияға жасалған шабуылды «халықаралық құқықты бұзу және заңға құрметсіздік» деп атады. «САНА» таратқан ақпарға сәйкес, Сирия әуе-қорғаныс күштері 20 зымыранды соққан.
++ 05:20 ++
АҚШ, Ұлыбритания және Франция тарапынан Сириядағы химиялық қару сақталған үш мақсатты нысанға шабуыл жасалды. Бұл туралы АҚШ Қарулы күштері біріккен штабы басшылары комитетінің басшысы  Джозеф Данфорд мәлімдеді. Бірінші мақсат, Дамаск түбіндегі ғылыми-зерттеу орталығы, екіншісі – Хомс қаласы маңындағы химялық қару-жарақ қоймасы. Үшінші, қоймаға жақын орналасқан бұйрық беру бекетіне шабуыл жасалды. Данфордтың мәлімдеуінше, бұл шабуылдың арқасында Сирия ұзақ уақыт химиялық қару шығаруда қауқарсыз болады.
++ 05:13 ++
Сирияға алғашқы шабуыл толқыны аяқталды. Бұл туралы АҚШ Қарулы күштері біріккен штабы басшылары комитетінің басшысы  Джозеф Данфорд мәлімдеді.
++ 04:49 ++
«Шабуылдың мақсаты – сириялық әскери базалар, Дамасктағы химиялық зерттеу орталықтары, республикалық гвардия нысаны», – деп мәлімдеді Британияда орналасқан адам құқығы бойынша Сирия бақылау кеңесі.
++ 04:36 ++
Сирия шабуылына Франция да қосылды. Франция президенті Эмманюэль Макрон әскерилерге Сирияға шабуыл жасау туралы бұйрық бергенін мәлімдеді. Оның айтуынша, шабуыл Сириядағы химиялық қару-жарақ сақталған нысандарға бағытталады.
++ 04:17 ++
Ұлыбритания премьері Тереза Мэй АҚШ-пен келісілгендей, Сирияға шабуыл жасаудың басталғанын хабарлады. Мэй бұл шешімді аталған жағдай Ұлыбританияның қызығушылықтарына жауап беретіндіктен, қабылданғанын мәлім етті.
++ 04:15 ++
АFР агенттігі өз тілшісіне сілтеме жасай отырып, Сирия астанасы Дамаскта бірнеше ірі дүмпудің естілгенін хабарлады.
++ 04:10 ++
Трамп Сирия үкіметі химиялық қару қолдануын тоқтатпаса, АҚШ және оның «одақтастары» «ұзақ» жауап беруге дайын екендіктерін мәлімдеді.
++ 04:05 ++
Трамп халыққа жасаған мәлімдемесінде Сирияға әскери шабуылдың басталғанын хабарлады.
Сафина Саид

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз