Түркия астанасы Анкарада қазақстандық-түркиялық бизнес форум өтті. Жиынға қос елдің 200-ден астам ресми тұлғалары мен ірі кәсіпкерлері қатысты. Түркістан облысы басшысының орынбасары Ербол Тасжүреков бастап барған түркістандық кәсіпкерлер түркиялық ірі холдинг, компания басшыларымен келіссөз жүргізді.
30 жылдан астам тарихы бар «DAL Holding Investment Company» холдингі Түркістан облысындағы 200 га жерге құны 500 млн. АҚШ доллар тұратын жылыжай салатын болды. Сонымен қатар, жылыжай аумағында көкөніс тоңазтқыш қоймасы салынып, мыңнан астам жұмыс орны ашылмақ.
«Dilmen Dekorasyon inş. Taah. Tic. Ltd Şti» компаниясы болса 2019 жылы Түркістан облысында жиһаз шығаратын фабриканың құрылысын бастайды. Құрылысқа тартылатын инвестиция көлемі 5 млн. АҚШ долларын құрайды. Жоба негізінде 130-дан астам жұмыс орны ашылады деген жоспар бар.
«Çalık Enerji» және «Zorlu Holding – Zorlu Enerji» атты қос компания 50 МВт қуаты бар күн электр станциясын салатынын айтты. Осы мақсатта жалпы құны 120 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция құюға дайын екендіктерін жеткізді. Қазақпарат хабарлауынша келіссөздер қорытындысына сәйкес Түркістан облысы әкімдігі мен ірі түрік компанияларының арасында жалпы инвестиция 625 млн. АҚШ доллары көлемінде 4 меморандум түзілді.