Қазақстандағы коммерциялық банктерде қолма-қол ресейлік рубль толып қалды, бұған биліктің шетел валютасын елден шығаруға тыйым салуы себеп болған. Бұл жөнінде Ұлттық банктің баспасөз қызметі хабарлады.
“Рубльдің көбейіп кетуіне Ресеймен арадағы сауданың артуы, Ресей азаматтарының Еуразия экономика одағы аясында емін-еркін жүруі де әсер етті”, – дейді банктегілер.
Наурыз айында Қазақстан президенті адам басына 10 мың доллардан асатын валютаны елден шығаруға тыйым салған. Ұлттық банк пен үкімет екінші деңгейлі банктердің рубльді сыртқа шығаруына мүмкіндік жасау үшін жарлыққа өзгеріс дайындады, дейді 13 шілдеде Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова.
Елдегі банктерде нақты қанша рубль қордаланып қалғаны белгісіз. Жергілік БАҚ хабарлауынша, мамырдың соңында елдегі қолма-қол рубль 25-35 миллиард шамасында болған. Қазір одан да көп болуы мүмкін.
Батыс елдері Ресейдің Украинаға басып кіруіне байланысты жариялаған санкцияларынан соң рубль әлсіреген, бірақ ол бірнеше аптадан бері нығайып келеді. Сарапшылардың дені рубль бағамы жасанды деп есептейді.